Исламға алғашқы жетелеген ұстаз

Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің
тіркеу-қор секторының меңгерушісі
Шектыбаева Назгүл Төкенқызы

 islam-1islam-2

Ұлы ұстаз, қоғам қайраткері, жаңашыл педагог, ғалым-этногроф, ақын және прозашы, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілі негізін салушылардың бірі, орыс графикасы негізінде қазақ әліпбиін жасаушы Ы. Алтынсариннің

«Бір құдайға сыйынып, Кел, балалар, оқылық!» өлеңі қазақ жастары үшін ұранға айналды. Ағартушының кең қазақ даласына соққан қоңырауы талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым деген үлкен және ұзақ жолға бастады. Ұстаз қаламынан туындаған оқулықтар талай жылдарды артқа салғанымен бүгінде өз құндылығын жоғалтқан жоқ.

Білім беру ісін басты нысанаға алған Ы.Алтынсарин қазақ болмысындағы рухани байлық пен салт-дәстүрден бала тәрбиесін бөліп қараған емес. Осыған дәлел бола алатын мына бір жолдарға құлақ түрсек: «Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге де бар күшімді салып отырмын. Күлсеңіз күле беріңіз, – мен кейбір оқытудан бос уақыттарымда оларға ресми түрде молда да болып қоямын: сөйтіп оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді қосып айтамын» деп 1864 жылғы Николай Иванович Ильминскийге жазған хатында айтады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын болашақты алыстан көре білген ағартушы Ы. Алтынсарин дәл осы мақсатпен жазған «Шариат-ул-Ислам», яғни «Мұсылманшылықтың тұтқасы» оқулығына 1883 жылы 26 қазанда Петербургта рұқсат алып, 1884 жылы Қазан университетінің баспаханасынан араб әрпімен бастырып шығарды. Кезінде бұл оқулықты «балаларға ислам дінінің ақиқаттығын дәлелдейтін негізгі түсінікті бере алмайды» («Мұсылманшылықтың тұтқасы» 5 б.) деп сыналып, бір ғасыр бойы мұрағаттың қойнауында қалып қойды. 1991 жылы араб тіліндегі сөздерді Сандуғаш Әубәкірова аударып, филология ғылымдарының кандидаты Ақселеу Сейдімбеков баспаға дайындап шығарды. Қазіргі уақытта музей экспозициясында осы кітаптың түпнұсқасы қойылған. Араб әрпімен мағынасы қазақша жазылған. Бұл оқулықты 2008 жылы Қостанай облыстық Ақ мешіттің бас имамы болған, өмірден озып кеткен Ертай қажы Исламұлы табыстаған болатын.

Кітап ішіндегі бұйрықтар аят-хадистен яғни аят-құранның жеке бөлігінен, «Ислам» деген кітаптан маңыздылары алынып, сан рет қаралып, теңестіріліп жазылған.

19 ғасырдың өзінде-ақ ағартушының өзі ашқан халықтық мектептерінде дін сабағы оқытылып, намазға да жығылып отыруы міндеттеліп, қадағаланып отырған. Бұған дәлел бола алатын әрине Ы.Алтынсариннің хаттары. Қағаз бетіне жазылған әрбір жолдан қарапайым ұстаздың қалың қазақ жұртының жағдайына, болашақта көш бастайтын жас буындардың біліміне қатты алаңдаулы болғанын білеміз. 1882 жылдың 12 қыркүйегінде Орынбордан Н.И. Ильминскийге жазған хатында « .. бірінші жағынан, халықтың өз дінін білу жөніндегі талабын, бұл талапты ешбір шарамен тоқтатуға болмайтынын еске ала келіп, екінші жағынан, осылай болған соң, қазақ жастарына, өзінің ана тілінде жазылған, мұсылман дінінің рухына толық сай, дін оқытуға негізгі құрал бола алатын оқу құралын жасап берудің қажет екендігін еске ала келіп, мұның үстіне, мүмкін болғанынша, біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал, екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алуына жол бермеу үшін» – деген оқу құралының басты себептерін айта келіп, қазақ жұртына пайда келтірмек ниетпен, түсінікті тілмен өзінің дінін түсіндіру үшін бұл кітапты жазуға кіріскендігін жазады. Дәл осы хатында «Кітап төрт бөлімнен құралды: бірінші бөлімді – иман туралы, басқаша айтқанда, мұсылман діні бойынша иман дегеннің не екені көрсетіледі, құдайдың бірлігін, Мұхамбет оның елшісі екендігін, қалай тану керектігі көрсетілді; екінші бөлімде – ағмал-заһир жайы, басқаша айтқанда, құдайға құлшылық ету: намаз оқу, ораза ұстау, кедейлерге садақа (зекет) беру, жалпы қайырымдылық істер істеу, қаабе (хажыға) бару, тағы сондайлар көрсетілді, мұнымен қатар, осы бөлімде намаздарда және басқа діни жағдайларда оқылатын аяттар қосылды; үшінші бөлімде – адамгершілік ахлақ жайы; басқаша айтқанда әлқұранның айтуы бойынша адамның қандай бағыт ұстап, қандай адамгершілікте болуы керек екендігі көрсетілді; төртінші бөлімінде – намаз, ораза үстінде және басқа діни жағдайларда арабша аяттар қазақ тіліне аударылып берілді» деп көрсетеді.

Ы.Алтынсарин оқулық ішіне ең маңызды керектілерін кіргізеді. Енді ғана жеке тұлға болып қалыптасып келе жатқан жас балаларға тәрбиелік мәні бар тұстарын көрсетуге тырысады. Мысалы, Дін ғылымы дегеніміз Құдай тағала пенделеріне екі жол көрсетті: бір жолы – осылай деп бұйырған жолы, екіншісі – бұл жолға түспе деп тыйған жол. Әуелгі жолдың баратын ұшы – ұжмақ, соңғы жолдың ұшы – тамұқ. Әр екі жолды көрсетіп қойып, қайсысына түсудің ықтиярын бұл дүниеде Құдай тағала адамның өзіне береді. Осы екі жолдың мәнісін түсініп үйренуді дін ғылымы деп атаймыз. Осылайша иман мен дін ғылымын үйреніп, соның бойынша дүниеде іс істеуді амал (іс әрекет) деседі. Бұл жерде Ы.Алтынсарин дін мен ғылымды, тәрбиені байланыстырып әр адам санасына ой салады. Шебер ұстаз тақырыпты қаншалықты ауқымды қозғаса да педагогикалық бағытынан ауытқымайды. Кітаптың үшінші бабына толығырақ тоқталсақ, бала тәрбиесіне нағыз қажетті тұстары дөп басылып айтылады. Баланың келешекте еліне, ата-ана, туған-туыстарына пайдалы нағыз азамат болып қалыптасуына әсер ететін немесе керісінше зиянын тигізетін адам көңіліндегі мінез құлықтар жайлы айтылады. Осыларды таратып айтатын болсақ: ол екі түрлі болады. Бірі көркем, бірі бұзық. Аят пен хадисте білдірілген жаман мінездер 60 түрлі. Сол 60 түрлі жаман мінездің түп асылы жетеу.

Куфр – дінге сенбеу, дінсіздік.

Биғдат – діннен бөлек өз ойынан шығарған уағыз, шариғаттар.

Кубр – менменшілдік, тәкәпаршылық, өзімшілдік.

Рия – мақтану, өзін-өзі көрсету, біреуге тілмен жақсы сөйлеп, сыртынан жақсы көрінгенімен, іштегі көңілі бұзық өз пайдасын ойлап тұрады.

Хасад – қызғаншақтық, күншілдік, біреудің дәулетін не бір пайдасын көріп бұл дәулеттің ол адамнан кетуін тілеп, не бағын күндеп қастық қылу.

Бухл – сараңдық. Зекет, құрбандық шалу, бейшараларға қарасу, садақа беруден қашқандарды айтады.

Исраф – дүние шашқыштық, бар дәулетті орынсыз, тиіссіз орындарға шашып ұстау.

Енді осыларға қарсы жақсы мінез құлық 78 түрлі. Бұлардың түп асылы тағы да жеті түрлі. Мақтаулы игілікті мінез құлықтарды Ахлақ хамида деп атайды.

Иман – шын көңілмен сену.

Диддун – қарсылық, яғни биғдатқа қарсы адал самғия, ең жоғарғы әділдік.

Ихлас – рияға қарсы адалдық, ақ көңілділік.

Тауадуғ – тәкәпаршылыққа қарсы сыпайылық, шын берілгендік.

Насихат – хасадқа қарсы, баршаға жақсылық тілеп, адал ниетпен берілген ақыл кеңес.

Сахауат – сараңдыққа қарсы жомарттық, кең пейілділік, қайырымдылық.

Машруғ – Исрафқа қарсы шариғат бойынша дұрыс заңды. Мұнда малын орынды, үнемді жұмсау. Әр нәрсені өз орнымен іске жарату.

Міне осы айтылғандардың артық кемі жоқ. Адам бойына ауадай қажет тәлім-тәрбие беретін негізгілері алынып отыр. Осыларды саралай келе Ы.Алтынсаринды тек шебер ұстаз ғана емес, жақсы психолог екеніне көз жеткізіп отырмыз.

Өмір сүрген кезеңдері бірдей, қандастарының қамын ойлап ғылым мен білімнің соңында бір қайықта жүзген қазақтың екі алып азаматтары Ыбырай мен Абай есімдері талай жылды артқа салып бірге аталып келе жатыр.

Жүректері елім, жерім деп соққан Ы. Алтынсарин «…осы пәнге тиісті ешбір оқу құралдары жоқ адамдардың қолында болғандықтан, – бұл қазірдің өзінде-ақ қазақтың жас буындарына өте жаман әсер етіп жатыр, ал келешекте ол одан да көбірек әсер етуі мүмкін» деген күдігін айтса, қара сөздерімен қалың елді елең еткізген Абай;

«Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы»

– деп оқып жүрген жастардың және ата-аналарының да ислам дінінен алшақтап, салғырт қарағандарына налиды. Аз да болса алған білімдерін көпсінбей пайдаға жаратуды, шенге қызықпай адал өмір сүруді өсиет етеді. Ал мына өле жолдарына келсек:

Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз

– деп жастарды алғырлық пен батылдылыққа жетелеп, ғылым жолын көрсетеді. Ағартушы Ы.Алтынсарин да дәл осы екпінде: «Тәжірибе барлық ғылымның бастамасы ғой, кем-кемдеп өзіміз де үйреніп, балаларды да оқыта берейік; мүмкін, сөйте келіп мақсатымызға да жетерміз» – деп қарапайым қазақ халқын жігерлендіріп, дем береді.

Бұл жерде екі жүрек те қазақ тағдырына, енді ғана тәй-тәй басып білім жолына түскен жастарға алаңдаулы екендерін шығармаларынан білеміз. Алдарына қойған мақсаттары да, тілектері де бір-бірімен үндесіп жатыр.

Ұстаз Ыбырай сол кездің өзінде ақ әріптес досына жазған хатында «Барлық қазақ жастары менің соңымда, олар мені жақсы көреді, мен қайтіп жалғыз болайын?» дейді. Осы бір үзіндіден қазақ дала жастарының Ы.Алтынсарин бастаған білім көшінің бел ортасында жүргенін байқаймыз. Ол жол сол дәуірмен біткен жоқ, жылдар өткен сайын ағартушының салған білім жолы одан әрі ұзарып беки түсті.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Ы. Алтынсариннің таңдамалы педагогикалық мұралары. Алматы «Рауан» 1991 жыл
Ы. Алтынсарин. Мұсылманшылықтың тұтқасы. Алматы «Қазақстан» 1991 жыл
Абай Құнанбаев. Өлеңдер мен аудармалар, қара сөздер, ақын туралы естеліктер. Алматы 2012 жыл