Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық
музейінің қызметкері Досмағамбетова Шынар Сұлтанқызы
Ұрпақтар толғайды
(Ы. Алтынсариннің 175 жасқа толуына орай облыс орталығындағы мемориалдық музейде жасалып жатқан тың дүниелерге шолу)
Қостанай-Торғай өңірінен шыққан аяулы жан, ерекше азаматтың бірі, халықпен бірге мұңдасып барлық қиыншылықты бірге көруге бел байлап, өмірінің бақытты сәттерін халқына арнаған кемеңгер қайраткер, данышпан ағартушы, ұлағатты ұстаз Ибраһим Алтынсариннің туғанына 175 жыл. Қазақ халқының асыл арманын, мақсат-мүддесін кең қамтыған ұлы қайраткер Ыбырай Алтынсариннің артында асыл мұра қалды. Ол сарқылмас білім. Халқының білімді, сауатты, өркениетті ел болуы жолында аянбай еңбек еткен қазақ даласының шам-шырағы атанған тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтынсарин есімін және оның мұраларын сақтап оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз. Оның жасаған ісі мен өнегесі ешқашан ұмытылмады. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойына ҚР Президентінің Жарлығымен 1991 жылы 16 қазанда Қостанай қалсының орталығынан өзі тұрғызған мектептің орнында мемориалдық музей ашылды.
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісінде Ыбырай Алтынсариннің есімі қатар жүреді. Алғашқы ұстаз музейінде ол кісінің өмірі мен қызметі, зерттеуші ғалымдар мен педагогтардың еңбектері бойынша саяхаттама жүргізіліп, дәрістер оқылады. РТүрлі іс-шаралареспубликалық конференциялар, әр түрлі формадағы сұхбаттар мен дөңгелек үстел отырыстары, басқа да маңызды атаулы мерекелік іс-шаралар атқарылып жатады.
Жас ұрпаққа сенім артқан ағартушы-педагогтың ой- арманы орындалып келе жатқаны барша жұртты қуантады. Музей қызметкерлері балабақшадағы тәрбиеленуші бүлдіршіндерден бастап, мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттермен тығыз қарым-қатынас жасап, Ы. Алтынсариннің мұраларын, қазақтың мәдениеті мен тарихын терең игеруде тыңбай еңбек жасап келеді. Музейге ат салысып жатқан жоғары оқу және колледж, мектеп, балабақша басшыларына, ондағы оқытушы-ұстаздарға, тәрбиешілерге және кішкентай бүлдіршіндерге мың алғыс. Жыл басынан бері Ы. Алтынсариннің мұраларын игеруде іс-шаралардың шымылдығын ашқан балабақша тәрбиеленушілері Ыбырай атасының қысқа әңгімелері бойынша тамаша көріністер сахналады. Қазақ балалар әдебиетінің негізін салушы Ы.Алтынсариннің әңгімелері бойынша мектеп жасына дейінгі оқыту тәрбиешілерімен «Тәрбие басы тал бесік» деген тақырыпта педагогикалық оқулар сағаты өтті. Оған Қостанай қаласындағы балабақшалар тәрбиешілері қатысты. №3 балабақшадан Бижанова Перизат Галимжанқызы, №5 балабақшадан Бадракова Перизат Асатқызы, №6 балабақшадан Сабитова Бейбигуль Бектурсыновна, Баймуханова Айсулу Сериковна, Жунусова Толкын Кайырхановна, №7 балабақшадан Тортаева Гулшат Конкосовна, Исмаилова Алма Тильмановна, №8 балабақшадан Бостанбаева Раушангүл Тәңірбергенқызы, №15 балабақшадан Аушамина Гулжан Заркиновна, №61 балабақшадан Нурахметова Салима Муканалиевна. Жоғарыда аталған тәрбиешілер кемеңгер педагогтың шығармаларын оқу-әдістемелік бағдарламалары бойынша рет-ретімен өтіп жатқанын мәлімдеді. Бүлдіршіндерге әңгімелері мен ертегілерін оқып мазмұндаса, өлеңдерін жатқа оқытып, шағын әңгімелері мен ертегілерінен көрініс сахналық қойылымдар жасап түрлі-түсті бояуда суреттер салдырады.Тәрбиешілердің баяндамаларында Ы.Алтынсарин шығармаларының балаларға қолайлы, тілі жеңіл, тәрбиелік маңызы кең, көрнекіліктердің молдығы және үлкен қызығушылық танытатынын айтты. Ы.Алтынсариннің тағылымды әңгімелері адам бойына адамгершілік ізгі қасиеттерді сіңіреді. Ол әрине үлкенді құрметтеу, ата-ананы сыйлау, қамқор болу, еңбектену, қайырымдылық жасау, сабырлық пен қанағаттылыққа жетелейді. Жаман әдеттер мен мінезден бойды аулақ ұстауға шақырады. Балалар тәрбиесіне ата-аналармен қатар тәрбиешілер де үлкен үлес қосуда. Бұл жөнінде ұстаздар жасаған баяндамалар және кішкентай бүлдіршіндер жасаған көріністерде айқындалды. Ы.Алтынсаринге арналған педагогикалық оқулар мазмұнын ашып мақсатына жетті.
Ұлы ағартушының мерейін арттыру мақсатында мектеп оқушыларының арасында отан сүйгіштікті насихаттау, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын асқақтата жырлау арқылы «Ардақтаймын атыңды құрмет тұтып» атты поэзиялық жыр сайысы өтті. Оған Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған №1 мектеп-интернат, Н.Назарбаев атындағы зияткерлік мектеп-интернаты, Н.Наушабаев атындағы Затабол, Ғ.Қайырбеков атындағы №9, №10, №115, М. Хакімжанова атындағы №20 қазақ орта мектептері, С.Мауленов атындағы қазақ гимназиясының оқушылары қатысып Ы. Алтынсариннің туғанына 175 жыл толуына орай оның өмірін, еңбегін өлең тілмен өрнектеп, оқушылар жыр сүйер қауымның сусынын қандырды. Сайыс ережесі бойынша екі өлеңмен келген оқушылар Жер-Ана, Отан, Туған жер тақырыбындағы шығармаларымен тыңдарман қауымды серпілтті. Жас ақындар туған елдің қадір-қасиетін әдемі өрбітіп, оның гүлденіп көркейуіне үлес қосуға, сол мекенде мағыналы өмір сүруге, атамекенді сүюге шақыратын жырлары көңілден шықты.
«Шамшырақ» номинациясы бойынша 1 орынға ие болған Ы. Алтынсарин мектебінің 8 сыныбында оқитын белсенді, оқу және тәрбие жөнінде алдыңғы қатардағы оқушы Мансарина Ману Ыбырай бабасына арнаған «Ұстазыма» атты өлеңін былай өрнектеді:
Тарау жолда таратылған,
Үлгі болар дара тұлғаң
Жүрегіңіз шуағы мол,
Күн нұрынан жаратылған
Білім құйып сыры түрлі,
Дамыл таппай күні-түні
Оқу оқып біз жүреміз,
Ақтаймын деп үмітіңді, – деді.
№115 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Бейсенбай Айдар да тәлім-тәрбиеге, оқуға-өнерге ынтасы, құлшынысы мол шәкірттердің бірі «Тарихында есімі мәңгі қалған…» деп ұстаз тұлғасын әдемі сомдаған.
Еңбегіңді сүйемін ұлы райым,
Шуағына тек соның жылынайын.
Қазағымның көгінде жарқыраған
Нұрлы сәуле жарқ еткен Ыбырайым
Оқу үшін жұртына мектеп салған,
Еңбек етіп халқынан алғыс алған.
Қазақтарды оқуға бой ұрғызып,
Тарихында есімі мәңгі қалған, – деп жырлаған Н.Наушабаев атындағы Затабол қазақ орта мектебінің 8 сынып оқушысы Сайын Жанар Қостанай өңірінен шыққан халық ақыны М.Хакімжанованың жолын қууы мүмкін, өйткені табиғат берген таланты бар ол өлеңді бастауыш сыныптан бастап жазады екен. Осы оқушылардың барлығына әрине, көп ізденіс пен оқу, еңбектену, білімдерін молайтып қалам ұштарын қаттайтса, талантты ақындар қатары көбейеді.
«Ұлы Дала сәулесі санадағы»
Өмірден өтсе дағы ұлы ақын,
Сөздері, өлеңдері жанға жақын.
Кеудеге ұстаз болып жарқырады,
Тірлікте болмасада атақ даңқын.
Жаңа өмірге қадам басып барамыз,
Өскен менен шәкірт болып қаламыз.
Ұмытпайды ұрпағың, Ұлы Далаң
Әр сәтте сізді мәңгі еске аламыз -демекші,
Сейткан Рахат, Әбдіғалиева Әсел, Жағалбайлы Қасқырхан «Атамекен номинациясы бойыша жеңімпаз атанды. Сайысқа қатысқан сөз маржанын тізе білетін талапты оқушылар – Арнұр Аманкелді, Алтайқызы Аяжан, Төленбекова Аружан, Бекмағамбетова Сабина, Жұмабаева Диана, Бимендина Елдана, Қуаныш Айда, Татаманова Зухра, Хайролла Нарқыз, Қасымова Інкәр, Тұрысбекова Мадина, Смағұлова Жансұлу, Ибраһим Санжарларды Ұлы Ұстаздың рухы көтерсін.
Қазылар алқасында болған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері танымал жазушы-сатирик Ғұмар Ахметчин, ақын-жазушы Серікбай Оспанов, айтыс ақындары Әлпия Орманшина мен Салтанат Утелбаева Қостанай өңірінде бұрын-соңды 23 бала қатысқан жас ақындар сайысының болмағаны жөнінде және оның Ыбырай шаңырағынан басталғанына қуанып, оларға ақ жол тіледі. Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас мамандары Р.Төлешова мен А.Садуақасова оқушылардың өз жандарынан шығарған өлеңдеріне жоғары баға берді. Ы. Алтынсарин музейінде тағылымға толы іс-шаралар мен жыр кештері тоқтамайды. Ы. Алтынсарин тұлғасы қара сөзбен де өлеңмен де өрнектеле береді.