«Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы Есіпбергенов В.Ж.
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институт Қазақстан, Арқалық қ.
Мәңгілік ұмытылмас есімдер бар. Олардың қатарына Ыбырай Алтынсариннің есімі жатады.
Биыл оның туғанына 165 жыл туады. Ол халықты біліммен сусындатқан, қазақ Данкосы. Оның өмірі мен қызметі халыққа, отанға шексіз беріліп, қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.
Ыбырай Алтынсарин бала күнінен-ақ өз халқының тағдырын, оның болашағын ойлай бастаған. Қазақстанды қызу саяси алаңына айналдырған 18 ғасырдың 30-50 жылдарындағы оқиға мен Орынбор арнайы мектебі халық жағдайын жақсартып, оны озық мәдениетке тартуға әсер етті. Осының бәрі оның ағартушы-педагог, қоғам қайраткері, жазушы, ғалым ретінде қалыптасуына себепші болды.
А.И.Герценнің «Бүкіл адамзат өмірі дәйекті түрде кітапқа негізделді» деген сөздері оның өмірлік ұстанымына айналды.
Ыбырай Алтынсарин өз педагогикалық, ғылыми-көпшілік және көркем шығармалары арқылы көркем қазақ әдебиетінде демократиялық бағыттың іргетасын орнатты. Ол педагог бола тұра, ғалым ретінде өз халқының тарихын, оның тұрмыс-салтын терең зерттеумен айналысты, өз бақылауын өңдеп, жүйеге келтірді. Осы этнографиялық зерттеулер негізінде «Орынбор ведомствасы қырғыздарының құда түсу мен үйлену тойы кезіндегі әдет-ғұрыптарының очеркі» мен «Орынбор ведомствасы қырғыздарының жерлеу және бата оқу кезіндегі әдет-ғұрыптарының очеркін» жазды.
Бұл мақалалар ғылыми шеңберде жоғары бағаға ие болды. Бірінші болып оқыған және талқылаған орыс географиялық қоғамның Орынбор бөлімі: «Жалпы кеңестің ойынша, Қырғыз көшнепділері ортасындағы неке шарттары мен жөн-жосығының жандылығы, әңгіменің дәлдігі, шындығы және тілдің әдеби құндылығы, Ыбырай Алтынсарин мақаласын қырғыз этнографиясы бөлігіндегі құнды жетістік етеді… » деп пікір қалдырған.
Очерктері Орыс географиялық қоғамның мерзімдік баспасөздерінде жарияланған.
Сын-пікір беруші В.Плотников очерк жарияланғаннан кейін: «қырғыз өмірінің тұрмыстық ерекшелігін сипаттайтын нақтылық та, қызығушылық та бар осы халықтың этнографиясы үшін бай материалды құрайды» деп жазған.
Ресей үшін бұл жұмыстың құндылығы сол тарихи кезеңде жеткіліксіз зерттелген, сол кездегі қазақ халқын зерттеу болған. Қазақ қоғамы тарихында алғаш рет әйелдердің ауыр тағдырын әңгімелеу, Алтынсарин очеркінің құндылығы болды.
Педагогтің очеркі патриархалдық-феодалдық тұрмыстағы жағдайды сын көзқараспен тәптіштеп тізді. Прогрессивті мәдениет жайында ұғымы бар сол кезеңдегі адам үшін бұндай қарым-қатынас орынды болды.
Қазіргі таңда оның очеркін оқи отырып, сол әдет-ғұрып арқылы қазақ халқының бай мәдениетін көріп, сол халық туралы ұғым алуға болады.
Әдет-ғұрып салт-дәстүрді жасаушы болып табылады. Халықтың түсінуі бойынша салт-дәстүр — ұрпақтан ұрпаққа жеткен, бұзуға болмайтын ата-бабаларымыздың нұсқаулары.
Салт-дәстүр (лат.тілінен алғанда {гаёШо — беру, тапсыру) деген мағынаны білдіреді, бұл әлеуметтік нормалардың жалпылама категориясы. Моралдық, құқықтық, діни, тілдік, өндірістік және еңбектік әлеуметтік нормалар бар. Олар нақты рухани және адамгершілік құндылық пен қажеттілікті бейнелейді. Шығармашылықпен және ерікті ұғыммен құрылған дәстүр ұжым мүшелерінің орындауында міндетті өзгешелікке иеленеді. Әлеуметтік норма бұзылған жағдайда нақты бір моралдық немесе заңды жазалау шаралары қолданылған.
Дәстүр — ұлттық сана-сезімді, этномәдениетті сақтау үшін қажет. Ол адам санасында неғұрлым тұрақты болып келеді, себебі тұрмыс салты қоғамдастықтан басқаша өмір сүруге мүмкіндік бермеді.
Осыған қарап, қазақтар өздерінің ұлттық «Менін», рухани бірлігін тарих тауқыметін ауыр жылдарда өмір бойы сақтағанын батыл айтуға болады.
Сондай-ақ онда ру және патриархалдық-феодалдық тұрмыстың ауыр шиеленісі де көрсетілген. Құдалық туыс болудың құралы ретінде ғана емес, қоғамдық қарым-қатынас құралы ретінде де болды. Бұл қазақ халқының жоғары дипломаттығын көрсететін, ру арасындағы тартысқа байланысты орнаған тарихи құбылыс. Басқа ру және жүзбен құдаласу арқылы халық өз бірлігіне ие болады.
«Жеті ата» ұстанымы. Бұл құдалық дәстүріндегі ғана емес, тарихтағы маңызды тармақ, себебі ол ұлттың генетикалық тазалығын ғана сақтап қоймай, сондай-ақ қазақ халқының этномәдени, рухани тұтастығын қамтиды. Қазақтар үшін ру тарихы теңізшінің теңіздегі тұсбағдары іспеттес болған.
«Жеті ата» ұстанымы қазақ халқының мәдениетіне арқау болды. Бұл жайдан жай емес. Өйткені бұл ұстаным қазақ халқының іргетасы болып табылады. Ол мемлекеттіліктің болуына немесе болмауына қарамастан, халықтың өзін сақтап қалуына мүмкіндік берді. Қазақтардың бірлігі – генеалогиялық шежіренің шығу тегінен. Жеті атаны білу қазақтардың туыстастығын қадағалап, білуге мүмкіндік берген. Ол ұрпақ арқылы өткен өмірден болашаққа сенім тарататын орган ретінде болды. Мұндай сенім халыққа қиын-қыстау кезеңде өмір сүріп, жүйелі сана, таза жүрек, тыныш ар сақтауға және соның негізінде қиын тарихи жағдайдан шығуға мүмкіндік берді.
Басқа румен, жүзбен құдаласу арқылы өз бірлігін тапқан.
Қазақ өмірінің барлық материалдық-рухани жақтары, өмірі «жеті ата» ұстанымына иек артқан қатал ру аралық байланыс этикетімен реттелген. Бұл ұстанымға қазақтардың моралдық өмір кодексі, салт-дәстүр, жора, әдет-ғұрып және табу негіздері енген.
Бұл нормаларды бұзған жағдайда түрлі жаза қолданылған, тіптен ең ауыр жаза — туған ортасынан қуу жазасы да қолданылды. Бұл қалыпты адам үшін ең қорқынышты әрі ұятты жаза болып саналған. Қыз ұзатылған кезде жаңа отбасына өз руының диалектілерін, ру ошағының жылуын, өз ру ортасының сырластығын, оның салт-дәстүрін, әнін, биін, аңызын, қолөнер ерекшеліктерін, тамақ әзірлеуін, өзі шыққан ортаның ерекше өзгешеліктерін енгізген. Бұл ерекше өзгешелік қазіргі таңда мемлекетіміздің кең байтақ жеріндегі сол салт-дәстүрдің бірлігін, тіл бірлігін құрып, диалектілерді жойды.
Қазақтардың рухани әлемі ауызекі поэзия дәстүрінің ықпалымен қалыптасты. Және бұның өз бірегейлігі бар, поэзия тілі ешқашан элита және дала әншілері еншісінде ғана болған жоқ, ол қарапайым халыққа да тиесілі болды.
Әлемде қойшымыз князьдардың тілінде сөйлей алады деп мақтанатын халық сирек кездеседі ғой.
Оған той және жерлеу салттары дәлел: «…барлық жастар… жиналады. Қыз-жігіттер арасында өлең айтылып, айтыс өтеді» [1;24]; «ол, және оның қыздары … және ауыл әйелдері… киіз үйге қарап, марқұмды бар дауыстарымен жоқтап отыр. Өлеңде олар марқұмға мақтауын жеткізіп, оның өмірдегі әрекетін айтады…»[1;30].
Ән мен өлең ұлт санасының ерекшеліктерін жаңғыртып, әр қазаққа өз мәдениетінің ерекшелігін, өз «Менін» және туған мәдениеттің үйлесімділігіне толықтай енетінін сезінуге мүмкіндік береді. Ол дүниетанымның ұлттық стилінің ерекшелегін бейнелейді.
Салт-дәстүрлер ата-бабаларымыздың игі тілегімен тізілген, онда геронтократия (қариялар билігі) жаңғырығы, қазақтардың өз этногенетикалық аймағына деген құштарлығы сезіледі. Салт-дәстүр жүздеген жылдар бойы құрылмаған бұқаралық білім беру мекемелерін алмастырғаны байқалады, ол қазақ халқының ұлттық, рухани, мәдени бірлігін шыңдаған.
Қазақ халқы этномәдени қауымдастық ретінде салт-дәстүрлердің біздің күнімізге дейін негізгі элементтерінің сақталуы дәл осы этноұжымдық естелік арқасында болғанын айтады.
Өз жаны мен жүрегі бар, біртұтас әлеуметтік шаруашылық және адамгершілік өлшемдері бар әр қауымдастық оны салт-дәстүрде іске асырады.
Әдебиет:
1. Алтынсарин Ы. Избранные произведения в 3-х томах. 2 том. Алма-Ата.1976
2. Джумагулов К.Т. Ыбрай Алтынсарин и развитие культуры. Алма-Ата.1984
3. Кузембаев А., Абил Е. История Республики Казахстан. Алматы.1999
4. Казахи. Историко-этнографические исследования. Алматы. 1995
5. Ламашев А. Ыбрай Алтынсарин. Алма-Ата. 1991
6. Каз.ССР. краткая энциклопедия.Том 3. Алма-Ата.1989
7. Назарбаев Н. В потоке истории. Алматы. 1999