Қостанай облысы, Рудный қаласы
Рудный қаласы әкімдігінің «№15 орта мектебі» КММ
Ғылыми жұмыс
«Ыбырай Алтынсарин әдеби шығармаларының өмірлік құндылықтары»
Орындаған: Маратова Ақжүніс Маликқызы, 9-сынып.
Жетекшісі:Шайкибекова Айткүл Поезовна,
қазақ тілі және әдебиеті пән мұғалімі
2015-2016 оқу жылы
Мазмұны:
І.Аннотация ………………………………………………………………………………….. 3
ІІ.Кіріспе……………………………………………………………………………………….4-6
ІІІ Зерттеу бөлімі
-
Ы.Алтынсарин – тарихи тұлға…………………………………………….7-10
-
Ыбырай шығармаларындағы нақыл сөздер…………………………..11-13
-
Ұлы ағартушы шығармаларының өмірлік өзектілігі……………….14-20
-
Қорытынды …………………………………………………………………………21-23
-
Ұсыныстар …………………………………………………………………………..24
-
Пайдаланған әдебиеттер…………………………………………………………25
АННОТАЦИЯ
Автор өзінің зерттеу жұмысында Ы.Алтынсариннің әдеби шығармаларының мазмұнына тоқталып, қазіргі таңда жазушы шығарма тақырыптарының өміршеңдігін дәлелдеген.
Ғылыми жұмыстың өзектілігі:Ы.Алтынсариннің әдеби шығармаларындағы нақыл сөздерінің өміршең, әрі терең мәнділігі.
Гипотеза:Қазіргі замандағы Ы.Алтынсарин шығармалары идеясының өзектілігін дәлелдеу.
Мақсаты:Ы.Алтынсарин әдеби шығармаларына тілдік, әдеби талдау жасау арқылы өмірлік құндылықтарды дәріптеу.
Міндеттері:
1) Ы.Алтынсариннің нақыл сөздерінің құрылысын анықтау;
2) Оны мазмұнына қарай топтастыру;
5) Әдеби шығармаларының өміршеңдігін дәлелдеу.
Зерттеу нысаны: Ы.Алтынсарин әдеби шығармаларын зерттеу.
Зерттеу әдістері:сипаттау, баяндау, салыстыру, талдау, бақылау жүргізу.
І.Кіріспе
Әр заман, тарихи әр кезең әлеуметтік құбылыстар өзінің дарынды өкілдерін жарыққа шығарып отыратыны мәлім.Олар елдің мұң – мұқтажын көре біліп, халқының сол мұқтажына перзеттік махаббаттын арнаған, туған халқының игілігі үшін бар күш-жігерін жұмсаған ардақты азамат ретінде халық тарихынан орын алып отырған. Мұндай азаматтардың игілікті дәстүрлері ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып, елдің тарихи, мәдени өміріне елеулі ықпал етіп келген.
Қазақ халқының тарихында аса көрнекті орын алған сондай тұлғалардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол жаңашыл, дарынды ағартушы ғана емес, халқымыздың теңіздей толқып тасыған інжу – маржан жырларын жақсы біліп, еңбегіне арқау еткен. Ауыр заманда білім алып, ат жалын тартып мінгесін-ақ Ыбырай Алтынсарин білім ұранын көтерді. Елді қорлықтан құтқаратын, игілікке бастайтын тек білім деп есептеді. Сондықтан да, «Тұңғыш дала қоңырауы атанған» Ы.Алтынсарин шығармалары оқушы бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда маңызы зор туынды екені сөзсіз.
Осы тұрғыдан алғанда, мен өз шығармамның тақырыбын «Ыбырай Алтынсарин әдеби шығармаларының өмірлік құндылықтары» деген тақырыпта алдым. Жазушы шығармаларын оқып, тілдік талдаулар жасай отырып, оның көтерген тақырыптарынның шынайы, өміршеңдігін дәлелдеп, жазушының өзіндік жазу стиліне анықтағым келеді.
Себебі, Ыбырай Алтынсарин шығармаларының бүгінгі күнге дейінгі жеткен тәрбиелік мәнінің мазмұны әлі де қолданыста.
Ы. Алтынсариннің ұрпағына қалдырған мұрасы –ұлан-ғайыр. Небәріжартығасырғажуықөміркешкенұстаздыңөнегеліеңбегіжан – жақтызерттеліп, туғанхалқыныңкерегінежарауда.Оның күні бүгінге дейін мектеп оқушыларының әнұраны іспетті «Кел, балалар, оқылық» атты өлеңінің өзі неге тұрады?!Ыбырай салған сара жол – бұл күндері қанатын кеңге жайған,тамырын тереңге жіберген, экономикасы мен мәдениеті дамыған тәуелсіз Қазақстан Республикасының білім шаңырақтарында жалғасын табуда.
Өз жұмысым барысында Ы.Алтынсаринның шығармаларының, соның ішінде әңгімелерінің және өлеңдерінде айтылған мәселелердің әлі күнде өзекті екендігін дәлелдегім келеді.
1.Ы.Алтынсарин – тарихи тұлға.
Ыбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы.Туып-өскен жері — Қостанай облысының Қостанай ауданы, Аманқарағай ауылы. Осы өңірде,Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған.1850 ж. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң атасы Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады. Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады.
1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгілінеді.Ыбырайдың бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады.
Ұстаздық – ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі.Орынбор генерал – губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі қызметін атқарады. Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу – ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді.
Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жастарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қолөнер кәсіпшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшінТорғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән – маңызы зор болды.
Ыбырайдің пікірінше, мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны және нақты материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негізделуге тиіс болды. 1879 ж. оның «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және дидактиктикалық оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды.
Ыбырай – жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосқан. Ол қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білімге шақырады.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан,
Іздемей-ақ табылар – деп өнер – білім жолына үгіттейді. Автор оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән берді. Бұған инемен құдық қазғандай ыждаһаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ — қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады .
«Оқымаған жүреді,
Қараңғыны қармалап.
Надандықтың белгісі –
Еш ақылға жарымас»- деп, ақыл – танымның бәрі оқудан екенін негіздейді.
Ата-енең қартайса,
Тіреу болар бұл оқу.
Қартайғанда мал тайса,
Сүйеу болар бұл оқу – дей келе, оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді.
Жастарды өнер-білім, техниканы игеруге үндеу ақынның «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан. Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады. Ыбырай шығармаларындағы көрегенділікті осы өлең жолдары арқылы анық тануға болады. Ыбырай шығармалары арқылы өз кезеңінде адам сенгісіз армандай болып жырланған ұғымдар бұл күндері шындыққа айналды, ол адамды құстай ұшырды – ұшақ. Отынсыз тамақ пісірді – газ отыны, сусыздан сусын ішірді – құбырдан алынған су, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды – телефон, тастан сарай салғызды – көп қабатты үйлер, теңізде жүзді балықтай – деп, кемелерді атағандай. Өнерге деген оқырман құштарлығын арттыру барысында бұл сөздерді астарлап, метафораларды ұтымды қолдана білуі өнердегі тылсым, құпиялылықты арттыра отырып тыңдаушысын қызықтыра түсетіні анық. Ыбырай шығармалары әлі күнге дейін өз құндылықтарын жоғалтпағаны жазушы туындыларының терең мәнділігінен, оқырманын қарапайымдылығымен қызықтыра білгенінен байқалады. Қазіргі заманның өзінде де жазушы шығармасын оқыған оқырман адамгершілік, еңбек, тәрбие мәселелері төңірегінде жазушы шығармаларын оқи отырып өз ой-пікірін білдіре алады. Себебі, Ыбырайдың әңгіме жазудағы шеберлігі қарапайым ғана ауызекі баяндау стиліне құрылғанымен, адамгершілік қасиеттерін жоғары қойған құнды шығармалар.
Ыбырай сондай-ақ Ушинский, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, И.Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Қазақстан Үкіметінің 1989 ж. 22 желтоқсандағы қаулысымен Ыбырайдың туғанына 150 жыл толуына орай мерейтойы өткізіліп, ұстаздың мұраларына арналған ғылыми, тарихи, педогогикалық еңбектер жарық көрді. Тобыл бойындағы Ыбырай қыстауы жанында, мүрдесі қойылған жерде, Ыбырайға күмбезді мазар орнатылды. Қазақстанда Ыбырай атында аудан, ауылдар, жоғары оқу орындары бар. Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу орындары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі. Тіпті, өзіміздің мұғалімдер даярлайтын Рудный гуманитарлық колледжі де Ы.Алтынсарин атымен аталғанын мақтаныш тұтамыз.
Ыбырай оқу – ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән береді. Өз шығармаларында оқушыны Отансүйгіштікке, еңбекке, кісілікке — тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән – мағынасынжоймақ емес.
Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық — саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті.
-
Ыбырай шығармаларындағы нақыл сөздер.
Жалпы нақыл сөз дегеніміз – қысқаша мазмұнды, терең ойлар айтылатын ұлағатты сөз. Білуімше, оны жай адамдар айта бермейді. Оны көбіне ұлы тұлғалар, халқына үлгі бола білген ұлағаттылар айтады. Ыбырай да бүкіл қазақ даласына үлгі бола білген адам. Қазақ даласындағы білімнің көзін ашқан адамның айтып кеткен нақыл сөздері өнегелі, тәрбиелік мәні, өмірлік мазмұны бар болса керек. Еңбекке баулитын әңгімелері: «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Сәттемір хан», «Атымтай Жомарт», «Әке мен бала». Адамгершілікке баулитын әңгімелері: «Мейірімді бала», «Аурудан аяған күштірек», «Алтын шекілдеуік», «Әдеп». Тәрбиеге баулитын әңгімелері: «Бақша ағаштары», «Талаптың пайдасы», «Тышқанның өсиеті», «Зеректік».
Зерттей келе мен Ыбырайдың айтқан нақыл сөздерін былай топтастырдым: еңбек тақырыбындағы; адамгершілік туралы; оқу-ғылымға шақыру; мұғалімдер туралы.
Еңбек тақырыбында:
Еңбекпен табылған тамақ тәтті әрі сіңімді болады.
*** Аз жұмысты қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боласың. Азға қанағат қылмасаң – көптен құр қаласың.
***
«Еңбекпен табылған дәм тәтті»
***
Байлық – қанағат пен еңбекте.
Адамгершілік туралы:
*** Алдыңа келсе, әділдігіңді аяма.
*** Қашанда бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, одан соң қолыңызды жұмылдырыңыз, егер де ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін тауып мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға серік беріңіз.
***
Жақсы ой мен жақсы сөз – жақсы істерге жетелейді.
***
Әр нәрсенің сыртына қызықпа, асылы ішінде.
***
Бағу – қағуда көп мағына бар.
Оқу-ғылымға шақыру:
Өнер, білім — бәрі де оқуменен табылған.
***
«Кел, балалар, оқылық!»
Мұғалімдер туралы:
Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс.
***
Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі.
Қазақ тілі туралы:
Қазақтың тілі соншалықты мол. Қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздіңқазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе.
Ыбырай шығармаларындағы түйінді ойлар, бұл күндері оқу, білім, еңбек салаларында еркін қолдануға арналған қанатты сөздерге айналған. Әр шығарма барысындағы өміршең оқиғалар түйіні Алтынсарин шығармаларында түйінді идеялармен берілген құнды идеяларға арналған.
-
Ұлы ағартушы шығармаларының өмірлік өзектілігі.
Ыбырай шығармаларын оқи отырып, қарапайым оқиға құбылыстары арқылы түйінді идея, зор тәрбиелік мән берілген ұлы ағартушы туындыларындағы ерекшелікті байқауға болады. Ол жазушы туындыларының өне бойынан орын алған.Олардың бірнешеуіне тоқталып өтсек:
«Атымтай Жомарт» әңгімесінде бай бола тұрып, күн сайын бір мезгіл үстіне ескі-құсқы киім киіп, отын кесіп, шөп тасып еңбек қылған адам әрекетін әңгімелей отырып, оқырман үшін кейіпкер атымен сөйлей отырып төрт түрлі пайдалы кеңес беріп өтеді.
1) Барлыққа жаман үйреніп, кем-кетікке жәрдем беруді ұмытармын деп қорқамын;
2)Бар бола тұрып жұмыс қылсам, кейінгілер маған қарап үлгі алсын дегенім; 3) Еңбекпен табылған дәм тәтті, сіңімді болады екен;
4) дәулетті тиісті орындарына жаратпасам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын дейді. Кейіпкер жауабына саралай келе, еңбек етуге жай ғана еңбектене біл деп емес, «Еңбекпен табылған дәм тәтті» деп бір ауыз сөзбен жеткізуі шығарманын түйінін шешкендей. Еңбек тақырыбы қашанда өзекті, ал Ыбырай кейіпкері тұрғысынан қарастыратын болсақ,адам барлықты міндет қылмай еңбектен қол үзбеуге үндейді.
«Әке мен бала» шығармасында жолдан ескі тағаны тауып алған әке мен бала арасындағы диалог арқылы «Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың; азға қанағат етпесең, көптен құр қаларасың» деген сөз арқылы аяқтайды. Шығарма мазмұны еріншектіктен аулақ болу; пайдалы іспен айналысу; үнемшіл болуға тәрбиелейді. Осыншалық үлкен ойға жетелеген шығарманың композициялық құрылымына тоқталар болсақ:
1.Оқиғаның басталуы: Жолда келе жатқан әке мен баланың ескі тағаны тауып алуы.
2.Оқиғаның байланысы: Баласының қарсы шығуы.
3.Оқиғаның шиеленісуі:Әкесінің тағаны сатуы.
4.Оқиғаның шарықтау шегі:Әкесінің шиені жерге тастап отыруы.
5.Оқиғаның шешімі: Аз жұмысты қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боласың. Азға қанағат қылмасаң – көптен құр қаласың.
Екеуара әке мен бала диалогы түрінде ғана берілген шығарма көлемі кішкентай болғанымен, мазмұны жағынан үлкен туынды боларлық қорытынды жасалған.Кейде сәл нәрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, «аз жұмысты қиынсынып» бойкүйездікке салынушылық өмірде көп кездеседі. Бұл жақсы әдеттің нышаны емес.
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде атасы немересіне айналадағы жәндіктер іс әрекетін тамашалап отырған немересіне «Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сен де жұмыс істеуге әдеттен» деп айтқан ақылын көреміз. Сондықтан балаларды жастайынан – жалқаулыққа қарсы еңбекке тәрбиелеу мәселесіне Ыбырай ерекше көңіл бөлген. Жастарды еңбек етуге дағдыландыруды үгіттеген оның басқа да әңгімелері аз емес.
Ыбырай жас ұрпақтарға дұрыс тәрбие беру, оларды жас кезінен дұрыс баулу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. «Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле, қисығын түзе, адасса айқын жолға сал», — деді. Бұл жөнінде де елге үлгі боларлық әңгімелер жазды. Оның осы тақырыпқа жазған «Бақша ағаштары» әңгімесінде: «Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп – тік, ана біреуі неліктен қисық біткен?» — деп сұрады баласы. «Ата – ананың тілін алсаң ана ағаштай сен де түзу болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып бағусыз өсерсің. Мынау ағаш бағусыз өз қалпымен өскен», — деді атасы. «Олай болса бағу – қағуда көп мағына бар екен ғой»,- деді баласы. «Бағу – қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең сен де мына қисық біткен ағаштай қисық өсерсің», — деді. Бала тәрбиесіне жастайынан көңіл бөлу керектігін жас шыбықтарға теңей отырып, астарлы оймен нақты жеткізеді. Бұл тұжырым осы күннің өзінде өзіндік құндылығын жоғалтпаған.
Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани -адамгершілік тәрбие- екі жақты процесс. Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан- тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым- қатынастарынан көрінеді. Сондықтан белгілі бір мазмұнды іске асыра, адамгершілік ықпалдың әр түрлі әдістерін пайдалана отырып, педагог істелген жұмыстардың нәтижелерін, тәрбиелеушілерінің жетіктістерін зер салып талдау керек.
«Талаптың пайдасы»- деген әңгімесінде өзінің осы пікірін, негізгі идеясын жеткізіп бере алды. Әңгіменің мазмұны мынадай: «Даңқты І Петр шіркеуге барып ғибадат етіп тұрғанда, сурет салып жатқан бір баланы көреді де, оның не жасап жатқанын сұрайды. Бала: «Сіздің суретіңізді салып жатырмын», — дейді. Петр суретті көрсе, мәз еш нәрсесі жоқ екен. Бірақ ақылды Петр патша ол баланың суретке талабы бар екенін аңғарып, сурет салуға үйрететін орынға бергізеді. Кейін сол бала үлкен суретші болады».
Жазушының бұл арадағы көздегені — Петрдің ақылдылығын көрсету ғана емес, жас баланың талабын, сол талаптың арқасында неге қол жеткендігін көрсету, кім талап етсе, сол мақсатына жететіндігін дәлелдеу.
«Мейірімді бала»-әңгімесінде 13 жасар қыз патшаның үкімі бойынша қолы кесілуге бұйырылған әкесі үшін патшаға арыз етіп, өз қолын кесуге ұсынады. Қыз: «Тақсыр, жұмыс жасап, бала-шағаларын асырайтын атамның қолын қалдырып, мына менің қолымды кесіңіз», — дейді. Мұнда жас қыздың тек қана атасы емес, анасы мен бауырларына деген де махаббаты суреттеледі.
Ананы қандай түрде бағалап, қалай сүюдің айқын үлгісін жазушы «Аурудан аяған күштірек» деген әңгімесінде айқын көрсеткен. Бұл әңгімеде аяғы сынған Сейіт деген бала жанына аяғының ауруы қанша батса да, анасын ренжітпеу үшін қабақ шытпағандығы айтылады. Автор бұл көріністі былай суреттейді: «Сейт орам-ораммен жүгіріп бара жатқанда, бір арбалы келіп, аңдаусыз соғып кетіп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баласын көріп, шошынғаннан шешесі талып қалыпты. Мұны көрген соң Сейіт жыламақ түгіл, сынған аяғын орнына салып таңып жатқанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кісі: «Аяғың ауырмай ма, қабағыңды шытпайсың?» — деп сұрайды. Сейіт шешесі шығып кеткен соң, демін алып, сынықшыға сыбырлап: «Ауырмақ түгілі, жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып жыламасын деп жатырмын», — деді.
Сейіт шын мәнінде мейірімді бала болып суреттеледі. Мұндай жастарда жалпы адамды сүйетін жақсы мінездің біртіндеп өсетіндігі сөзсіз. Бала кезінен әлпештеп өсірген анасының қадірін білген жас, алақанына салып аялап, тәлім-тәрбие беріп отырған ұлы анасы — Отанын сүйетін, ол үшін де өз жанының ауырғанына ыңқ етпейтін нағыз отаншыл болып шығады. Ыбырайдың бұл әңгімесінің идеясы — осы. Бұл әңгімені осылай түсінсек қана Сейіттің мейірімді мінезін дұрыс түсіне аламыз. Адамгершіліктің негізі мінез-құлық нормалары мен ережелерінен тұрады. Олар адамдардың іс-қылықтарынан, мінез-құлықтарынан көрінеді, моральдық өзара қарым-қатынастарды басқарады. Отанға деген сүйіспеншілік, қоғам игілігі үшін адам еңбек ету, өзара көмек, сондай-ақ қоғамға тән адамгершіліктің өзге де формалары, бұл-сананың, сезімдердің, мінез-құлық пен өзара қарым-қатынастың бөлінбес элементтері, олардың негізінде қоғамымыздың қоғамдық-экономикалық құндылықтары жатады. Ыбырай шығармаларындағы мәселелер — күні – бүгінге дейін өзекті.
№ |
Шығармалары |
Шығарманың мазмұндық құндылықтары |
1 |
«Бай баласы мен жарлы баласы» |
Шыдамдылық,батылдық,сабырлылық,тапқырлылық,көрегендікке тәрбиелейді.Еңбекке деген қоғамдық, таптық козқарасты бейнелейді. |
2 |
«Атымтай Жомарт» |
Қайырымдылыққа, қарапайымдылыққа,мақтаншақ болмауға, азды қанағат етуге тәрбиелейді. Төрт түлігі сай бола тұра еңбек етуді, кем-кетік, жетім-жесірге көмектесуді ұмытпаған, тапкан малды орынды жұмсай білген Атымтай Жомартты жастарға үлгі етеді. |
3 |
«Әке мен бала» әңгімесі |
«Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың,азға қанағат етпесең,көптен құр қаларсың», — дейді. |
4 |
«Асыл шөп» әңгімесі |
Ол шөп сенің қолыңа түспей ме деп қорқамын, аты «сабыр» деген, -дейді. Сабырлылық,шыдамдылық,төзімділік,ұстамды болуға үндейді. |
5 |
«Бақша ағаштары»әңгімесі |
Тәрбие бағу-қағудан басталады деген ойды меңзейді. Тәрбиелі болуға, адамгершілікке, үлкенді сыйлауға үйретеді. |
6 |
«Байұлы»әңгімесі |
«Батаменен ер көгереді», «Баталы ұл арымас» — деген халық қағидаларының өміршеңдігін әңгімеге арқау етіп, жастарды қайырымды, ізгі жүректі болуға, жоқ-жітік, жетім-жесірге қамқоршы болуға үндейді. |
7 |
«Алтын шекілдеуік»әңгімесі |
«Не нәрсенің де құр сыртына қарап қызықпа,асылы ішінде болар» |
8 |
«Тәкәппарлық»әңгімесі |
Кішіпейілділіктен опық жемейсің, тәкәппарлық ұятқа қалдырады. |
9 |
«Мейрімді бала», «Шеше мен бала», «Аурудан аяған күштірек» |
Мейірімділік, рақымды болу, адамға жақсылық ету, төзімділік сияқты жақсы қасиеттерге баулиды. Бала әке-шеше алдында өзін мәңгі қарыздар сезінуі керек. |
Ыбырайдың шығармашалығы бірнеше салаларды қамтиды.
Ыбырай шығармаларының бірнешеуімен таныса отырып, шығарма мазмұнындағы ой – түйініне назар аудара отырып, оларды түрлі тақырыптарға бөліп қарауға болатынын байқадым.
Диаграммадан көріп тұрғанымыздай Ы.Алтынсариннің әдеби шығармаларының ішінде адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге арналған шығармаларының көп екенін байқауға болады.
Қорытынды
Ыбырай әңгімелерімен таныса отырып, ең басты назар аударатын бір жағдай – кейіпкерлерінің қарапайым халық өкілдерінен болуы. Олар оқырман қауымға түсінікті қарапайым ғана ата, әке, бала, немере түрінде кездесе береді. Жоғарыда мысалға алынған әңгімелердің бірнешеуінен осы кейіпкерлерді көреміз. Ата, әке, ана бейнесі- ақылға шақырушы, көпті көрген өмір тағылымын салмақтап жеткізе білетін кейіпкерлер. Әңгіме кейіпкерлерін бұлай берудің Ыбырай шығармаларындағы қарапайым баяндай отырып, салмақты ой тастауына әсері мол. Ал, қарапайым халық өкілін өз шығармаларының кейіпкері ете отырып, халқымыздың қанына сіңген үлкенді сыйлау, өнеге тұту қасиеттерін дәріптей келе, отбасылық татулық, жарасымдылықты жоғары қойғанын байқауға болады. Қазіргі таңдағы интерет желісінен, теледидар арналарынан көрсетілетін зұлымдық, ата-ана, тіпті кішкентай сәбилерге көрсетіліп жатқан қатыгездікті көргенде, шынымен бізге Ыбырай шығармаларындағы қарапайым ғана тілмен жазылған адамгершілік қасиеттерінің жетпегенін түсінуге болады.
Ыбырай шығармаларының тағы бір ұтымдылығы – оның шағын көлемді туынды түрінде болуы. Тіпті екеуара диалог түрінде берілген шығармалары да бар. Жоғарыда берілген шығармалардың бірнешеуі диалог түрінде берілген. Көп жағдайда шығарма мазмұнындағы әдеби теориялық айшықтауларға көп көңіл бөліп жататынымыз айдан анық. Ал, Ыбырай шығармаларының жазылу тіліне келер болсақ, ауызекі сөйлеу стиліне негізделген. Ешқандай күрделі ойсыз, жай ғана бір сәттік оқиға немесе тілдесуден құралған. Тіпті шығарманың бастапқы бөлігінің өзі нақты 3-4 сөйлеммен ғана баяндау түрінде жазылған. Бұл Ыбырай шығармаларына қандай ұтымдылық берді?
-
Шағын көлемді шығарма оқырманнан көп уақытты талап етпейді;
-
Бір ғана сюжетке негізделгендіктен, оқырман оқиғаның соңын білу үшін қызығушылық танытады;
-
Шығармалар соңы түйінді ойға негізделіп, адамнның жағымды көзқарасын қалыптастыруды көздейді.
Міне, осындай ерекшеліктерін айта келе, Ыбырай әңгімелерінің оқиғалары -қазіргі таңдағы сабақ барысында қолданылып жүрген жағдаятар. Ыбырай шығармаларындағы түйінді ойларын талдау арқылы оқушының өзіндік сыни көзқарасын дамытуға, ой пікірін ашық айтуға, қоғам орта туралы пікірін дәлелдей білуге пайдасы зор деп ойлаймын. Ол оқушыны ойлауға, ойлануға, комуникативтік құзіреттілігін қалыптастыруда таптырмас материал болатыны анық. Мысалы, «Асыл шөп» әңгімесіндегі «Ол шөп сенің қолыңа түспей ме деп қорқамын, аты «сабыр» деген», – деп айтылған кейіпкер сөзін талдау барысында оқушы шыдамдылық, төзімділік туралы сөз қорғайтыны даусыз.
Ал, «Әке мен бала» әңгімесі тіптен дайын түрдегі жағдаят десем қателеспеймін. Оқырманға әңгімені аяқтауды ұсыну арқылы, іс әрекетке баға беру, жақсылық пен жамандықты айыру, адамгершілік қасиеттердің құндылығы туралы пікірлерін білуге болар еді.
Ыбырай Алтынсариннің айрықша атап айтар тарихи еңбегінің бірі – оның қазақ балалар әдебиетінің негізін қалауы. Сондықтан оның әңгімелерінен балалар әдебиетіне қойылатын негізгі талаптардың барлығы да атап айтқанда, туындының көлемінің шағындығы мен құрылысының қарапайымдығы, тілінің таза, түсінікті әрі шұрайлылығы, тәрбиелік – танымдық мәннің жоғарылығы, оқиғалардың балалар ұғымы мен жасына сай, көркем әрі қызықты баяндалуы, балаларға тән мінез, әрекет, ой – қиялдың табиғи түрде жазылуы болып табылады.
Ойланып қарасам, Ыбырай Алтынсариннің нақыл сөздерінің өмірлік мәні зор екен. Әсіресе, мынадай заманда жастардың тура жолға түсуіне, өмір туралы кеңес алуға да болады. Жалпы Ыбырайдың тек нақыл сөздері ғана емес, оның шығармашылығы да құндылықтарға толы. Шығармашылығының мәні терең. Әңгімелері, өлеңдері, нақыл сөздері арасында маржан тастар жатқандай.
Ұсыныс
Осы ғылыми жұмысты жазу барысында байқағаным, Ыбырайдың айтқан нақыл сөздерінің кейбіреуі халқымыздың мақал-мәтелдерімен де ұқсас тұстары баршылық екен.
Мысалы, оның «еңбекпен табылған тамақ тәтті әрі сіңімді болады» деген нақыл сөзі – «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалмен ұқсас.
«Әр нәрсенің сыртына қызықпа, асылы ішінде» — «Жылтырлағанның бәрі алтын емес» деген мәтелге сәйкес. Демек, Ы.Алтынсарин шығармаларының түйінді ойларын, нақыл сөз ретінде қолдануды жолға қою керек.
Қазір әлеуметтік желідегі достарымның жеке парақшаларына қарасам, олардың қабырғаларында өзге ұлы данышпандардың айтқан сөздері, ойлары сақталып тұрады. Оның үстіне орысша тілде. Ал оның орнына қабырғаларымызға Ыбырай секілді данышпандарымыздың айтқан нақыл сөздерін немесе кішкентай ғана әңгімелерінде айтылған терең ойларының мазмұнын алып кетсек болар еді. Бір жағынан өзіміздің қазақ тілінде жазылған, екінші жағынан өзіміздің Отандық тұлғамыздың айтқан ойлары. Ал үшіншіден, елі үшін ерең еңбек еткен, келесі ұрпақтың күні қараң болып қалмасын деп, білім көзін ашып берген данышпанымызды ұмытпай, оны кеңінен насихаттау.
Ыбырай қаламынан туындаған шағын әңгімелерді дайын жағдаят есебінде қолдануға болады. Ендеше, неге оларды адам бойындағы адамгершілік құндылықтарын дамытуды көздейтін өзін –өзі тану пәні сабақтарында қолданбасқа.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. «Алтынсарин Ыбырай тағлымы» Алматы, Жазушы, 1991ж.
2. Алтынсарин Ы. «Екі томдық шығармалар жинағы» Алматы,2003ж.
18-21 б.
3. Алтынсарин Ыбырай «Қазақ хрестоматиясы» Алматы, 2003 ж.
4. Ахметова Ә. «Қазақбалаларәдебиетініңкітапханасы» Алматы, 1992ж.
5.Дербісәлин Ә. «Ы.Алтынсаринніңжазушылыққызметітуралы» Алматы 1958ж.
6.Көшімбаев А. «Қазақәдебиетіноқытуметодикасы» Алматы,1969ж. 81-82б.