Ыбырай Алтынсарин және Қазақстандағы кітапханалық істің дамуы
Қазақ халқының арасында Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев сияқты ұлы қазақ ағартушыларының арманы кітап тарату болды. Абай Құнанбаев кітаптың пайдасы мен оқудың пайдасына жеткілікті көңіл бөлді. Ыбырай Алтынсарин өз еңбектерінде керемет ағартушылық ойларын айтты. Сонымен қатар ол ойының жүзеге асуы үшін қызмет етті. Алтынсарин қазақ мектептерінде орыс тілі оқытылуы керек деп есептеді. Оның ойынша, бұның бәрі қазақ оқырманын орыс кітабына жақын етті. Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа беделді және өзінің заманына қарай жеткілікті білімді адам болған. Ол шешендік өнерді жақсы меңгеріп, халық ертегілері мен мақалдарын көп білген және өзі өлең жаза білетін болған. Ыбырай бала кезінде атасынан білім алып, мектеп жасында атасымен өлең-хат жазысқан. Мектепте берілген білімнің аз екенін түсінген Алтынсарин өзін-өзі жетілдіруге кіріседі. Орыс тілінде жазылған кітаптар мен мақалаларды оқи отырып, мәтіндер бойынша терең ойланып, табанды жұмыс істеді, өзі үшін мағынасы жағынан түсініксіздеу сөздердің сөздігін де жүргізіп отырды. Осылай өз ой-өрісін кеңіте отырып, орыс тілін үйренуде айтарлықтай жетістікке жетті. Ыбырай Шекспир, Гёте, Байрон, Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Фирдоуси, Низами, Навои және басқалары сияқты әлемдік әдебиеттің ұлы классиктерінің шығармаларын оқып, біліп, мектеп бағдарламасынан асып түсті. Алтынсарин атақты шығыстанушы Григорьевтің үйіне жиі барып, оның бай кітапханасынан көркем әдебиет, философия мен тарих жөніндегі кітаптарды алып, бас алмастан оқыған.
Мектеп кітапханаларының негізін салушы ретінде Алтынсарин қызметі педагогика қызметімен бірге дамыды. 1881 жылы алғашқы мектеп ішіндегі кітапханаларын ашады. Сондай-ақ Қазақстандағы балалар кітапханалары да оның есімімен байланысты. Ол әсіресе мектеп және училище кітапханаларының кітап қорын толықтыруға, мектептерге әдебиет жеткізуге көп күш-жігер жұмсады. Ыбырай Алтынсарин кітапханаларға деген кітаптарды Петербург, Мәскеу, Орынбор және басқа қалалардың кітап саудагерлерінен жаздыртып алған. Ол 1882 жылғы 15 қыркүйектегі Ильминскийге жазған хатында: «Мен Торғай облысы училищелерінен мұғалім мен оқушыларға арналған кітапханалар ашайын деп отырмын, сол үшін 700 рубль жинап қойдым» деген. Ыбырай Алтынсариннің кітапхана ашу және кітап қорын толықтыру жөнінде әртүрлі баянаттары сақталғандығын, ағартушының соған байланысты үнемі машақатта болғанын айта кеткен жөн. Нәтижесінде Орынбор қазақ мектебінің өз кітапханасы болды. Кітаптар екі топқа бөлінді: мұғалімдерге арналған және оқушыларға арналған қор болды. Оқушылардың кітап қорында 770 оқулық және 2189 көркем әдебиет болса, оқытушылардың кітап қорында 4461 кітап болды. Оқулықтар бөлімі ғылыми және әдістемелік құралдар деп бөлінді.
Мұғалімдік қызметте жүрген Алтынсарин тынбастан педагогикалық жаңа кітаптарды, халыққа деген ғылыми-көпшілік әдебиеттерді қадағалап, публицистикалық және педагогикалық журналдарды жазып алып отырған. Оның жеке кітапханасында Н.А.Добролюбов, Н.Г. Чернышевский, А. И. Герцен сияқты орыс классиктерінің толық шығармалары, үздік педагогикалық еңбектері, сонымен қатар сол кезеңдегі шетелдік авторлардың аудармалары болды.
Алғашқы оқулықтарды құру және алу кезінде, әсіресе инспекторлық қызметінің бастапқысында жұмыс көп болды. Ыбырай Алтынсарин қазақ-орыс мектептерінде оқулық ретінде пайдаланған орыс ағарушы-жазушыларының шығармаларын аударды, олар мектеп кітапханаларының белсенді кітап қорына айналды. Бірнеше кітапхана қорында қазақ тіліндегі И.А.Крыловтың мысалдары, Н.Н.Толстойдың әңгімелері, И.Паулсен мен В.И.Дальдің кітаптарындағы аудармалар мен бірқатар басқа да шығармалар болды. Торғай түкпірінде жатып К.Д.Ушинскийдің «Детский мир» кітабының бір данасын алып, сол тамаша кітаптың мазмұнына риза болды. Кейін Ыбырай Алтынсаринде осыған ұқсас қазақ балаларына арналған, олардың ана тіліндегі кітабы керек деген ой туады.
Осылай 1879 жылы Қазақстанның мектеп кітапханаларына Ыбырай Алтынсариннің қазақ тіліндегі алғашқы кітабы «Қазақ хрестоматиясы» түседі, ол тек қана оқу құралы емес, көпшіліктің оқуына арналған құрал болды. Құрал екі мың дана болып басылды. Қазақ тіліндегі алғашқы әдеби хрестоматияны құрамын деп мақсат қойған Ыбырай Алтынсарин оны жазуға кіріседі, өйткені оған дейін жалпы білім беретін кітапқа қажет мұндай өлеңдер мен мысалдарды, қысқа әңгімелерді қазақ ақындарының ешбірі жазбаған. Ағартушы, біріншіден, кітапты тек мектеп жасына дейінгі балаларға ғана емес, ересек оқырмандарға да арнады; екіншіден, орыс және батыс еуропа өмірінің ерекшелігін, үлкен қалалардың өмірін білмейтін, қазақ оқырманына түсінікті және жетімді болатын материалдарды таңдауды ұйғарды. Қазақстанда сол уақыттағы аз фольклорлық шығармалар санын қоспағанда, мұндай дайын материалдар болмады. Ыбырай Алтынсарин қазақ оқырманының, ең алдымен жас оқырманның сана-сезіміне қандай әдеби жанр және қандай шығармалар келетіні туралы ойлады, олардың жас ерекшеліктерін ескеруге тырысты. Хрестоматияны құру кезінде ол кіші жастағы балалардың қызығушылықтарын барынша кеңінен қамтуға тырысты және адамгершілік қасиеттерінің дамуына әсер ететін, орыс тіліндегі оқу кітаптарындағы бар үздікті педагогикалық шеберлікпен, оның әдісін тауып жинады. Материал таңдауда отанға деген сүйіспеншілік, гуманизм, халық ойлары оның басты ұстанымы болды.
Ағартушы шығармаларының тақырыптарына көз салсақ, оның еңбегінің үстіртін емес, тек жанрлық әртүрлілікті көрсетіп қана қоймай, керісінше нақты тәрбиелік мәнін, қазақ әдебиеті тілін құрушылардың бірі ретінде оның авторын көрсетеді деген шешім шығаруға көмектеседі.
Аудармасын қосқанда Ыбырай Алтынсарин барлығы 115-тен артық үлкенді-кішілі шығарма жазды. Оның көркем шығармаларының арасынан бар болғаны 21 өлең, 47 әңгіме, 8 мысал және 11 қазақ фольклорының үлгісі жарияланды. Сонымен қатар Ыбырай орыстың ағартушы-жазушылары И.А. Крыловтың мысалдарын, Л.Н. Толстойдың әңгімелерін, М.Е. Салтыкова-Щедриннің ертегілерін, А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, Н.А. Некрасовтардың өлеңдерін, Д.К. Ушинскийдің бірқатар еңбектерін аударды.
Ыбырай Алтынсарин орыс оқу әдебиетіндегі бар үздікті қазақ мектебіне енгізді. Ол мұғалімдерге тарих, география, жаратылыстану және басқа да пәндер бойынша балаларды оқытуға қажетті оқулықтарды жете таңдауды ұсынды. Ол қазақ мектептеріне келесі әдебиет тізімдерін ұсынды (Ситдыкров А.А., 43-44 бет):
Крылов И. А. «Мысалдар»
Кирпичников «Грамматика»*
Ушинский Д. К. «Детский мир»
Толстой Л. Н. «Азбука и книга для чтения»
Лубенец «Арифметика»
Евтушевский «Арифметика»
Пуцыкевич «География»
Острогорский «Краткая русская история»
Беллярминов «Всеобщая история»
Фармаковский «Русская история»
Гуревич «Историческая хрестоматия»
Сент-Илер «Зоология»
Герд «Краткий курс минералогии»
Оливер «Ботаника»
Учебный атлас естественной истории
Элементарная физика
Зотов «Беседы о природе»
Константинович «Химические беседы»
Фигье «Важнейшие открытия и изобретения»
*(дереккөздерінде есімдері көрсетілмеген)
Мектептерде сыныптан тыс оқуға ұсынылатын тізімдерге тарих, география, физика, химия, жаратылыстану ғылымдары бойынша ғылыми-көпшілік әдебиеттер енді. Ыбырай Алтынсариннің мектеп және мұғалімдер кітапханасын ағарту міндеттері басты назарда болды. Оның қалауы бойынша, кітапхана халық арасында мәдениет ошағына айналуы тиіс, сондықтан оның қорын мүмкіндігінше кең пайдаланып, бәріне қол жетімді мекемеге айналдыру керек болды. Алтынсариннің ойынша, мектептердегі кітапханалардың мақсаты тек оқушылар мен мұғалімдердің пайдалануы үшін ғана емес, ауылдың курс аяқтаған сауатты адамдарының пайдалы кітаптарды алатын және білімін одан әрі жалғастыратын орын ретінде болуы керек болды.
Ыбырай Алтынсарин мұғалімдердің мәдени деңгейінің артуына және әдістемелік дайындықтарының жақсаруына ықпал етіп, оладың рухани өсуіне күнделікті қамқорлық танытып отырды. Ол мұғалімдердің әдістемелік әдебиеттер мен педагогикалық журналдарды пайдалануын міндетті деп есептеп, осы мақсатпен мұғалімдерге арнап ірі ғалымдар мен көрнекті педагогтердің шығармаларын мұқият зерделей отырып, өз пікірін жазып енгізеді. Мәселен, Гурьев облысының мұғалімдері үшін «Отбасы мен мектеп» және «Халық мектебі» сияқты журналдар алынды. Бобровскийдің «Педагогика», Коменскийдің «Халықтық оқу әдебиетіне шолу», «Ұлы дидактика», Букановтың «Туған тіл», Корфаның «Біздің дос», Реклюдің «Құрлық және мұхит» сияқты кітаптары мектеп кітапханаларына алынды.
1880-1883 жж. қазақ-орыс мектептерінде Букановтың «Мектепте және үйде» атты әліппе және оқуға арналған оқулықтары үлкен жетістікке ие болды.
Ыбырай Алтынсарин өз хаттарының бірінде: «Орталық училище кітапханаларын байыту тәсілін іздеуді доғармаймын және ертелі-кеш болсын қазақ халқының оқуын және өзін-өзі оқытуын, аз да болса сауатылығын жоғары деңгейге жеткізуді қамтимын деп үміттенемін» – деп жазған. Осылай, Ыбырай Алтынсарин мектептер мен кітапханаларды мәдениет ошағы етуге және қазақ халқын ағартуға тырысты. Басшылығындағы оның ведомствалық бағынышты оқу орындарында кітапханалық қорларды оқу-тәрбие жұмыстарда пайдалану жақсы дәстүрге айналды.
Қолдағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1914 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанның барлық аймағында жалпы кітап қоры 98 мың том 139 кітапхана есептелді. Бұның қатарына ведомствалыққа тиесілі емес көпшілікке қолжетімді кітапханалар енді. Әдебиеттің жартысынан көбі — 50300 том қалалық 44 кітапханаға, ал тек 47700 кітап ауылдың 95 кітапханасында болды. Ол тікелей ұлы Ыбырайдың еңбегі еді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Алтынсарин, И.Собрание сочинений в 3-х томах: Т.1. – Алма-Ата, 1975. – 359 с.
Алтынсарин, И. Собрание сочинений в 3-х томах: Т.2. – Алма-Ата, 1975. – 423 с.
Галиев, В.З. Библиотечное дело в Казахстане: Вторая половина ХIX — начало XXвв. – Алматы: [Национальная библиотека Казахстана], 1988. – 140 с.
Даулетова, Н. И возникли в степи библиотеки: [Об И. Алтынсарине, библиотеках, мавзолее И. Алтынсарина в совхозе «Мичуринский»] // Ленинский путь. – 1991. – 25 сентября.
Джумагулов, К. Т. Ибрай Алтынсарин и развитие культуры казахского народа. – Алма-Ата. – 1984. – 204с.
Ситдыков, А.С. Педагогические идеи и просветительская деятельность И. Алтынсарина. – Алма-Ата: Мектеп, 1968. – 148с.