Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың тарихы

Мектеп – тәрбие берудің негізгі құралы,
халықтың болашағы тек осы мектепте.
Ы.Алтынсарин

Қостанай қаласының дәл орталығында қазақ даласында туған таңғажайып адам, өз елінің патриоты — Ыбырай Алтынсариннің күшімен ашылған, Қазақстанның көне мектептерінің бірі орналасқан. Мектеп өз кезеңінде республикада және облыста халықтық білім беруді дамыту кезінде маңызды рөл атқарды. Бәрі былай басталды…

Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін қазақ даласын басқару аппараты үшін білікті қазақ шенеуніктерінің қажеттілігі туындады. Сондықтан қазақ ақсүйектерінің балалары үшін мектептер ашыла бастады. Алғашқы орыс-қазақ мектеп жобаларының бірін атақты педагог-шығыстанушы В.В.Григорьев ұсынды және 1861 жылы Троицк қаласында алғашқы мектеп ашуды жүзеге асырды. Сөйтіп, қазақ жерінде орыс-қазақ бастауыш мектебін құруға алғашқы қадам жасалды. Барлығы 4 мектеп ашылды, бірақ Григорьевтің жобасы ұзаққа созылмады. Әкімшілік тарапынан материалдық қолдау көрмеген соң, әрі мұғалім қызметкерлерінің болмауы себебінен мектептер жабыла бастады. Бұндай жағдайды Тройцкідегі орыс-қазақ мектебі де бастан кешірді. Мектептің арғы тағдырын Ыбырай Алтынсарин шешті. Ыбырай Алтынсарин Торғай облысының халық мектебінің инспекторы бола тұра, бірінші реттен қазақ балаларына арналған жаңа білім беру жүйесін құрып, Тройцк мектебін Қостанай қаласына көшіру туралы сұрақты қозғайды. 1879 жылы, облыс орталығы Қостанай қаласының білім беру туралы сұрағы қозғалғанда, тастан мектеп ғимаратын құру мәселесі де шешілді. Мектеп құрылысы 1882 жылы басталды, ал 1884 жылы Тройцк орыс-қазақ мектебі Қостанай қаласына көшіріліп, «Қостанай екі сыныптық орыс-қазақ училище» болып аталды.

Осылай, өз күшін, өз білімін бере тұрып, ең жақсыны, үздікті енгізіп, Ы.Алтынсарин бұл мектепке жаңа өмірді қайта берді. 1896 ж. «Торғай газеті»: «Тройцк-Қостанай мектебі жаңа, жылы, кең, әрі жарық орынға көшкеннен бері, онда оқу-тәрбие ісінің жаңа үздік ізге түсуі байқалады, дегенмен ол мектеп инспекторының Қостанайда болуымен, мектеп басшылығын үнемі қадағалайтындығымен түсіндіріледі» деп жазды.

Училище атағы ұлан-байтақ далаға кеңінен жайылды.

Алғашқы жылы мұнда 35 бала оқыды, 1885 жылы мектеп оқушыларының қатарына қазақ ұлдарынан басқа, Қостанай жеріне келген орыс қоныстанушылардың балалары келгендіктен, бір жылдан кейін оқушы саны 55 болды. Училищеге жыл сайын мемлекеттік қазынашылықтан 3581 сом 40 тиын, қоғамдық сомадан 850 сом құйылып отырды. Мектеп ғимараты күйдірілген мықты қызыл кірпіштен құрылды. Онда үш сынып бөлмесі, екі жатын бөлме, асхана, «адамдар», науқас бөлмесі, шеберхана болды. Мектеп жанында мұғалімдерге арналған екі үй, монша, сарай, жерқойма, бақша болды. Ағаш отырғызу кезінде Ы.Алтынсарин сол жерде болған. Қараған, мамыргүл және жас қарағай бағы ұзақ уақыт бойы Қостанайдағы ең жақсы бақ болды. Мектептегі алғашқы кітапханасын, ауруханасын ашты, оқу әдебиетін өзі ұсынды. Құрған оқу бағдарламалары мен жоспарлары әдеттегі бастауыш мектептеріне қарағанда әлдеқайда терең әрі кең болды. Мектепте жұмыс істеу үшін Қазан мұғалімдер семинарын бітірген жас мұғалімдерді шақырды. Олардың ішінде А. Килячков, Ф. Соколов болды. Ыбырай Алтынсарин мектеп алғашқы ашылған күні сабақты өзі берді. Мектеп меңгерушісі Ф.Д.Соколов: «Өз ісіне мұқият болуды талап етіп, халық мұғалімдеріне қатал болды, орындамайтындарды қатаң қадағалады. Өз инспекциясындағы мұғалімдердің мұғалімдік істі өзі сияқты жақсы көргендерін қалады. Ол өзінің жылы сөздері арқылы мұғалімдердің бойында оқу ісіне деген құлшынысты оята білді. Қоғам алдында біздің беделімізді жоғары қойды, мұғалімдерді адал әрі еңбекқор ретінде мақтан тұтып, лайықты құрметпен қарауды талап етті» деп жазады.

Ы.Алтынсарин Қостанай екі сыныптық орыс-қазақ училищенің оқушалрымен, 1889 ж.

1897 жылы училище ішінен педагогикалық сынып ашылды, ол кейін интернаты бар екі жылдық педагогикалық курсқа айналды. Курстар «жеңілдетілген түрдегі» мұғалімдер мектебі болып есептеліп, бастауыш училище және ауыл мектептерінің мұғалімдерін дайындады. Педагогикалық сынып қабырғасынан мұғалім болған Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуов сияқты атақты тұлғалар шықты.

Қазан революциясына дейін өзінің бастапқы қалпында болды, ал 1917 жылдан бастап, алғашқыда бастауыш, кейін жеті жылдық (1923 жылдан бастап) балалар қазақ коммунасына айналды. Азаматтық соғыс пен құрғақшылық халықтың білім алуына әсерін тигізді. Халықтың сауатсыздығына және жетімдер санының артуына байланысты қазақ кедейлерінің балалары он жастан интернатқа қабылданып, толықтай мемлекеттің қамқорлығында болды.

1993 жылы оған Қазақстанның мемлекеттік және саяси қайраткері Левон Мирзоянның есімі берілді.

Бұл қиын кезең еді, сол кездегі естеліктерге қарап отырып, 1937 жылы мектеп бітірген Сералы Жәкетовті таныдық: «Біз балалар үйінен 11 ұл келдік, көбісі Торғайдан еді. Олардың ішінде Сағи Аппазов, Сейіт Қалиев, Сейітқасым Боранқұлов, Кәрім Ізтілеуов, Сейітқұл Исаев және басқалары (көбісі Ұлы Отан соғысы жылдары дүниеден өтті) болды. Ашаршылық кезең еді. Күніне үш рет нан және шаймен қоректендік. Жаппай тұтқынға алу мен репрессия біздің мектепті де бейжай қалдырмады. Мектеп директоры Досмағамбет Құлшықов, орыс тілі пәнінің мұғалімі Шаяхмет Саутбаев, математика пәнінің мұғалімі Әубәкір Досжановтар «Халық жауы» болып жарияланды. Бізге туғанымыздай болып кеткен, әрі бізден қатал тәртіпті талап еткен, тәрбиеші С.Жұмашев, Ж.Есмурзиндер туралы жақсы естеліктер сақталды».

Сталин кезеңінде туындаған үлкен қиындыққа қарамастан, мұғалімдер өз ісіне адал болып, тамаша адамдарды тәрбиелей алды.

1931-1936 жылдары бұл жерде өлкелік милиция мектебі ашылады.

1938 жылы 100 адамға шақ интернаты бар орта мектепке айналып, Жамбыл Жабаев атымен аталды.

Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында еңбек кадрын дайындау қажеттілігіне байланысты, мектеп базасында қолөнер училищесі ашылады. Жоғары сынып оқушылары үлкендерге кәсіпорындардағы жұмысты атқаруға көмектесіп, егіске шығып отырды. Оқушылар контингенті мен мұғалімдер саны ежептәуір көтерілді.

1939 жылы облыста ашылған мұғалімдер институтының оқу корпусы 1943 жылы мектеп ғимаратына орналасты.

Еліне адал, нағыз патриот жауынгер ұрпақ тәрбиелеп, Ұлы Отан соғысының жеңісіне лайықты үлес қосқан соғыс жылдарындағы мұғалімдердің еңбегі зор.

50-ші жылдары мектеп-интернаттың ескі ғимаратында жетім балалар мен шалғай аудандардың балалары білім алды, ал оқу корпусына №13 қазақ ОМ (№22) орналасып, қалалық балалар оқыды. Жалпы білім беретін мектеп 1960 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ мектеп-интернат атанды. 5 жылдан кейін №22 ОМ №1 мектеп-интернаттың келіп-кетіп оқитын сыныбымен бірігеді. Осы уақыттан бастап жаңа оқу корпусының құрылысы басталады, ал ескі ғимарат ақырындап бұзыла бастайды, сондықтан ол Еңбекші халық депутаттары кеңесінің шешімімен 1968 жылы толық бұзылады.

Қазір ол жерде 1991 жылы Ыбырай Алтынсариннің 150 жылдығына ашылған мемориалдық музей бой көтерді, оның бір бөлігі сол мектептің дәлме-дәл көшірмесі.

1966 жылғы мектеп бітіруші профессор К.Х.Жақып 2000 жылы ескі мектеп іргетасының кірпішін тауып алған, ол қазір Ыбырай Алтынсарин атындағы мемориалдық музейде сақталулы.

Мектеп құрылғаннан бері онда көптеген тамаша мұғалімдер жұмыс істеді. Шайхин М., Ибраев Д., Ешімханов С., Жаукин С., Көкжанов Б., Садуақасов К., Өтенов Р., Көпешев Б. сияқты мұғалімдер мектептің дамуына үлкен үлес қосты. Жүздеген оқушы Шайхимова М.Ш. – Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мұғалімі, Шарипова М.С.,Башарина З., Досқалиева Г.Д.,Хакимова К.Ж., Жоқышев Ш., Давыдова А.А., Рыбалова П., Жакупова Л.К., Хусаинова З.Х., Шакирова К.Ш., Оспанова А.Г., Жумабаева А.Ж. сияқты және басқа мұғалімдерді еске алады.

Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернаттың ұжымы, 1961 ж.

Ұйымдастырушы Джунаева Вера Махмутовнаның және тарих пәнінің мұғалімі Кәкімжанова Кәбираның күшімен және табандылығымен мектеп ішінен музей ашылып, онда Ыбырай Алтынсарин туралы, мектеп өмірі туралы, қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы үлкен материал жиналды. Музейде мектеп түлектерімен және Ыбырайдың туыстарымен кездесу дәстүрге айналған.

Ыбырай Алтынсариннің немересі Нағима Ыбыраева

мектеп түлектерімен кездесуде, 1984 жыл

Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернат қабырғасынан көптеген Қазақстанда және Қазақстан шегінен тысқары жерлерде аты шыққан жоғары үкімет наградаларымен марапатталған ғылым және мәдениет қайраткерлері, керемет қызметкерлер, өзіміздің Социалистік Еңбек Ерлеріміз осы мектеп-интернаттың қабырғасынан шыққан, солардың ішінде:

Әліби Жангелдин – көрнекті қоғам және мемлекеттік қайраткер;
Спандияр Көбеев – жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі;
Мұхамеджан Сералин – жазушы, ақын, журналист, «Айқап» журналының алғашқы редакторы;
Бекет Өтетілеуов – ағартушы, педагог, ақын, аудармашы;
Сералы Қожамқұлов – Қазақ КСР-ның халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР-ның мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты;
Елубай Өмірзақов – Қазақ КСР-ның халық әртісі;
Ілияс Омаров – жазушы, сыншы, мемлекеттік қайраткер;
Темір Дарханбав – биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР ғылымдарының еңбек сіңірген қайраткері;
Лаик Байдильдинов – философия ғылымдарының докторы, профессор, саяси және әлеуметтік ғылымдардың академигі;
Әмір Канапин – тарих ғылымдарының докторы, профессор;
Бизада Жиенгазина – Соц. Еңбек ері, Қазақстанның еңбек сіңірген байланысшысы, КСРО министрлігі байланысының үздік пошташысы;
Жангелді Отарбаев – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернат балаларды оқытудағы жеткен жетістіктері үшін 1971 жылғы 11 ақпандағы КСРО Жоғары Кеңес Президиумының жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, 2011ж.

Бүгінгі мектепте үлкен, жарық, ыңғайлы кабинеттері мен спорт залдары бар. Ол жарық, кең үш ғимаратта орналасқан — екі жатақхана және бір оқу корпусы.

Мектеп 1992 жылы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық лицей болып қайта құрылды. Ал 2000 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат атанды. Бұл жерде 520 оқушы білім алуда. Жыл сайын 5-сыныпқа алу үшін тест алынады. Мектеп директоры Жаркенов К.Ж. Ы.Алтынсарин атындағы «Мектепке еңбек сіңірген мұғалім» медалімен марапатталған. Мектепте 43 мұғалім және 20 тәрбиеші жұмыс істейді. Солардың ішінде Қазақстан Республикасының ағарту ісінің үздік мұғалімдері – Күдебаева Г., Қайырова С., Исетова Р. бар.

Мектепте халық аспаптарының фольклорлы және үрмелі аспаптар ансамбльдері құрылған.

Халық ақыны Әсия Беркенова жетекшілік ететін, бұрынғы айтыс дәстүрі жаңғыртылды.
…Өнер – жігіт көркі деп

Ескермедік мақалды…

Біз болмасақ сіз барсыз,

Үміт еткен достарым,

Сіздерге бердім батамды.

Ы. Алтынсарин

Мектеп тарихы — ол атақты ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсарин арманының жүзеге асу үлгісі. Мектеп ұлттық мамандардың қайнары бола тұра, көптеген өзгерістердің куәсі болды және қазір ұлы Ұстаздың тамаша дәстүрін жалғастырушы болып табылады.

Құрастырушы: Журкабаева Г.С.