Ырғыздағы ізімен

Роза КуановаҚуанова Роза Қаратайқызы – Қостанай облыстық
Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі
директорының орынбасары

 

 

 

 

Ыбырай Алтынсариннің
Ырғыздағы ізімен

Қостанай өңірінде туып, еліне өлшеусіз еңбек сіңірген ұлы тұлғалар аз емес. Солардың бірі, әрі бірегейі педагог-ағартушы, жерлесіміз Ыбырай Алтынсарин!
Музей қызметкерлері атамыздың мектеп ашқан Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында іс-сапарда болды.
Ыбырай Алтынсарин – ғасырлар толғатып сирек туылатын тау тұлға, көрнекті ағартушы, жаңашыл ұстаз, орыс графикасының негізінде қазақ алфавитін құрастырушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі, дарынды жазушы, тамаша ақын, публицист, аудармашы, қоғам қайраткері.

музей1

Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен педагогикалық қызметі Қазақстанның Ресей қоластына кіруінің аяқталған кезеңінде өтті. Ресей құрамына кірмей тұрғанда Қазақстан аумағында негізінен мұсылман мектептері болған еді. Мектеп мешіттер жанында салынып, ауыл балалары молдалардан сабақ алды. Мұндай мектептерді жеке адамдар, діни қоғамдар еншіледі. Мұсылман мектептері шағын, тек қыс мезгілдерінде жұмыс істеді, бірақ: нақты оқу мерзімі, оқу бағдарламасы, жоспары, оқу және әдістемелік оқулықтары болмады. Балалар арабша сауат ашты және мұсылман дінінің негізін оқыды.
Ресейге қосылғаннан кейін, қазақ даласын басқару аппараттарына білімді қазақ шенеуніктер керек болды. Сол себептен, патша үкіметі өз жағдайын ойлап, қазақ байларының араб, татар, қазақ тілдерінде сөйлеп-жаза білетін балалары үшін тілмаштар дайындайтын мектептер аша бастады, оларды дәулетті қазақтар жинаған қаражатқа салды. Соның бірі – Орынбор шекаралық комиссия мектебі. Осы мектепті тәмәмдаған Ыбырай Алтынсариннің атасы Балғожа би «немерем орыс тілін білсе – орыс көпестерімен араласып, байлығыма – байлық қосылады» – деп есептеді. Сөйтіп, Балғожаның мақсаты орындалып, Ыбырай тілмаш қызметін атқарды.
Бірақ, көзі ашық, көкірегі ояу Ыбырайдың түпкі мүддесі өз қандастарын оқыту, жоғары білімді ету, бөтен халықтармен терезесін теңдестіру еді. Осыған орай дарынды педагог оқулықтар жазып шығарып, Торғай өңірінде бірінші мектеп те ашты.
Торғай уезінің орталығы Торғай қаласы болды, Орынбор губерниясының құрамында 1868 жылы ашылды. Торғай облысы Ырғыз, Ақтөбе (Елек), Қостанай (Николаев) уездерін қамтыды.

8

Ыбырай Алтынсарин Торғай қаласында 1864 жылы 8 қантарда мектеп ашса, сол жылы 25 қазанда Ақтөбе аймағында алғаш рет Ырғызда да бастауыш қазақ мектебі ашылған. Бұл мектеп Ыбекеңмен Орынбор шекаралық комиссия мектебін оқып тәмәмдаған Шахмұрат Құлыбековтың ұйымдастыруымен салтанатты тұрде ашылды.
Кезінде уезд орталығы болған Ырғыз селосы қазір Ырғыз ауданының орталығы, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.
Барша қазақ даласы сынды Ырғыз өңірінде көне шежіренің куәсі. Ол тек Ырғыз өзенімен ғана емес, сол аймақтағы ата-бабасының өткен тарихымен де тікелей байланысты.
Көзбен көріп, суын ішіп, жерін басқан Ырғыздан қалың қазағына жаңға жайлы қоныс іздеп, желмаясымен арман қуып Асан Қайғы баба да өткен екен.
Қазақтың әз Тәукесі мен әйгілі Әйтеке биі, тәкаппар басын имей өткен көкжал Кенесары хан да осы далада шатырын тіккен деседі.
Орыстың озық туған ұлдары Даль, Добросмысловтар осы дала дастарханынан дәм татып, Украинаның ұлы кобзарі Тарас Шевченко Ырғыз даласының құдыретін «Ырғыз қаласы» картинасы арқылы әлемге танытқан болса, осы елді мекеннің тіршілігінен сыр шертетін тыныс-жайлары көз тартарлық екен.
Ақтөбеден Ырғызға автобуспен 5-6 сағат жүреді. Кезінде Ыбырай атамыз ат арба және шанамен қанша уақыт жолда жүрді екен? Алтынсарин Торғай арқылы барған шығар. Қалай болғанда да ат-арба үшін ұзақ жол ғой. Ал біз барған жол тегіс, біркелкі асфальт, автобус еш кедергі болмаған соң тоқтаусыз зымырады да отырды. Қазақтың кең даласы деп бекер айтпаса керек, шынымен кең дала! Әр-тұрлі өсімдік, Қазақстанда өсетін шөптің бәр түрі осы жерде бар. Тау секілді биік қыраттар, ойлы-қырлы жерлер. Кей жерлерде ғана – егілген ағаштар бар. Бірақ, ұзақ жол бойы жазық жер, ағаш жоқ.

2

Ырғыз жері өзіміздің Торғай сияқты көрінді, кең дала, Ырғыз өзені. Ауыл тұрғындары да қонақжай, бауырмал екен. Ырғызда Ыбырайдың көшесімен жүріп, Ырғыз аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Досанова Самал Қарымсаққызы музей мен мұрағатқа апарып, аудан орталығы тарихымен таныстырды. Ыбырай Алтынсарин мектебінде келесі оқу жылына қызу дайындық жүріп жатты.
«Қазақстанның тәуелсіздігін аңсап, қолдарынан келгенше жерімізді қорғап қалған ата-бабамыздың арманы орындалып, егеменді ел болдық. Жәй ғана армандап қоймай, білімді ұрпақ болсын, оқу-жазу білсін деген оймен Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин сол уақытта шалғайда жатқан Ырғыз қаласында мектеп ашуға өзі белсенді араласыпты» – дейді мектеп директоры Зейнолла Мұхайысұлы Сәуірбай.
Алтынсариннің тікелей өтінішімен Ырғыз қаласындағы оқу орындарында Тимофеев, Григорьев, Спиридонов, Сахарова, Царегородцев, Васильева деген білімді әрі тәжірибелі мұғалімдер қызмет істеген.
1864 жылы мектеп Ресей халық ағарту Министрінің 1879 жылғы
№ 4146 жарлығымен Ырғыз қаласында екі кластық орыс-қырғыз училищесі болып қайта ашылыпты. Училищені ұстау үшін 2600 сом қаржы бөлініпті. Оқуға 23 қазақ, 25 орыс, 2 еврей балалары қабылданыпты.

10

Ал 1972 жылдан мектеп Ыбырай Алтынсариннің атымен аталады. Алтынсарин мектебі бүгінгі таңда Ақтөбе облыс көлеміндегі тарихы мол, іргелі білім шаңырағы болып саналады.
Мектеп ұлттық тәрбиедегі білім, экономика негізіндегі бағыттар бойынша жұмыс жасайды. Мектепте мультимедиа қондырғысымен жабдықталған компьютер сыныбы, халықаралық интернет жүйесі іске қосылған. Мектеп оқушылары жылма-жыл, облыс көлеміндегі түрлі білім бәсекесінде топ жарып, аудандық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз атанады. Шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде мектептің педагогикалық ұжымы Білім Заңын басшылыққа ала отырып, жаңашылдықпен, шығармашылықпен жұмыс жасайтыны көрінеді.
Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлектері әр жылдары «Алтын» және «Күміс» медальдарымен марапатталып, «ерекше үздік» атестатпен бітіргендер де аз емес. Осындай жетістіктермен қатар әр жылы мектеп табалдырығынан үлкен өмір жолына шыққан түлектер қазірде түрлі салада жұмыс жасап, атақ-абыройға, ғылыми атақтарға ие болған көптен-көп азаматтар баршылық. Мектеп түлектері оқуға деген ынталарымен көп бағдарламалар бойынша Ұлыбритания, Қытай елдерінен білім алуда.
Кейбір деректерге сүйенсек, Қазақстанда Кеңес үкіметі орнаған соң, 1920 жылы Ырғыздағы Алтынсарин ашқан мектептің алғашқы директоры қызметіне Иван Киселев тағайындалып, мектеп «Совет еңбек мектебі» деп аталған. Онда 150 бала оқып білім алыпты. 1920-1940 жылға дейін мектепті Иван Киселев, Мұса Дайрабаев, Оспан Сарбатыров, Огофия Назаренко және Төлеп Баудияров сынды азаматтар басқарған. Аталған кісілерден кейін 1941-1947 ж.ж.- Аяп Тәлкеев, 1947-1954 ж.ж.- Бердібай Баудияров, 1961-1969 ж.ж.- Итемген Байманов, 1969-1982 ж.ж.- Кәрім Әмірхан, 1982-1987 ж.ж.- Куаныш Айтқұлов, 1987-1989 ж.ж.- Сейілхан Оразымбетов, 1989-1992 ж.ж.- Мейрамбек Бектұрғанов, 1992-2007 ж.ж.- Болат Аймановтар мектеп басшысы болған.
Аудандық, селолық кеңестеріне депутат болып сайланған, «Ырғыз ауданының жыл адамы – 2009» атағының иегері, көп жылдар ұстаз болып, орта мектептерде оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметін атқарған, 2007 жылдан бері Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп директоры Зейнолла Мұхайысұлы Сәуірбай: «Шәкірттерге терең білім беруге өздерінің ерен еңбектерімен көрініп, мемлекеттік наградалармен марапатталғандар көп. Олардың қатарында «Қызыл Жұлдыз» және «Құрмет белгісі» орденінің иесі, математик Бердібай Баудияров, 1954 жылы алғаш «Ленин» орденін алған ұстаз Әмір Тұңғашин, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Алдан Жарылғапов, көп жылдар мектеп басқарған «Құрмет белгісі» орденінің иесі Итемген Байманов және осы ұлағатты ұстаздардың ісін жалғастырушы, бүгінде аудандағы білгір математик, 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған Күләйім Ізетқызы және 1986 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған бастауыш сынып мұғалімі Айымкүл Жұмабаевалар да бар», – деді.
Ыбырай Алтынсарин салған мектеп ХХ-ші ғасырдың басында құлап қалады да, оның құрылыс материалдарынан кітапхана салынады. Сонымен, 1905 жылы Ырғызда қалалық кітапхана ашылады. Негізінде, Ыбырай Алтынсарин Ақтөбе облысы бойынша 1883 жылдың күзінде ең алғашқы кітапхананы Ырғыз қаласындағы училище жанынан ашқан, онда 300-400-дей кітап қоры болған. Оның сырты үнемі ақталып, бертін келе заманға сай кірпішпен қапталған.
Сонымен бірге, Ыбырай қазақ қыздарын оқыту, сөйтіп оларды мәдениетке және қоғамдық өмірге тікелей тарту мәселесінде де феодалдық ескі әдет – салттарды батыл ығыстырып, әлеуметтік маңызы зор істерді жүзеге асыра алған тамаша жаңашыл адам.
Ол 1887 жылы 15 қыркүйекте Ырғыз қаласында Қазақстанда тұңғыш рет қазақ қыздар мектебін ұйымдастырып, жастарды оқуға тартты. Ырғыз қалалық бір кластық әйелдер мектебінің ашылуы үлкен оқиға ретінде қабылданып, 1888 жылы мектептің жанынан қазақ қыздары үшін 18 орындық интернат үйі ашылады. Осы мектептің жанынан қыздар үшін интернат ашу мәселесімен Ыбырай 1888 жылдың 6 қаңтарында Орынбор оқу округінің көмекшісіне жолығып, өтініш жасайды.

9

Қазақ халқы тарихында әйелдердің теңсіздігін тұңғыш көре білген және оны сол ауыр халден шығарып, өнер-білімге тарту жолында алғаш қол ұшын берген қайраткер – Ыбырай болды.
Ырғыз перзенті Әлмұхамед Сейдалин қазақ қыздары үшін осы мектепті ашуға құлшына кірісіп, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринге көмектескен көрнекті тұлға.
Бұл жөнінде Ы.Алтынсарин досы Н.И.Ильминскийге 1889 жылы ақпан айында жазған хатында: «Ырғызда бітімші сот және тергеуші болып Әлмұхамед Сейдалин істейді. Ол қазақтарды оқыту ісіне өте ынталы адам. Биыл ол қазақ қыздары үшін Ырғызда қазақ сахарасындағы алғашқы 20 кісілік қыздар мектебін ашуыма көмектесті» – дейді.
Ыбырай Алтынсарин ырғыздықтардың мәнгі естерінде. Қазақтарға білім сәулесін сепкен Ыбырай Алтынсарин жаққан бір шырақ – мектеп қиын-қыстау өтпелі кезеңдерден өтіп, одан сайын жарқырап, жайнап тұр.
Қазақ елінің келешегі білімді ұрпақта! Ондай ұрпақ Ырғыз қасиетті мекенінде, киелі топырақта баршылық!
Ал, Ыбырай баяғыда салдырған мектеп – киелі шаңырақ. Ол жылдар сайын қоңырауын сыңғырлата береді. Білім ұясынан елге таңылар талай айтулы адамдар тәрбиеленіп шығатынына еш күмән жоқ. Бұл – ақиқат.