Куркулов, Е. Ы.Алтынсарин және «Қырғыз хрестоматиясы»: Ғылыми — зерттеу жұмысы

Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернаты

Орындағандар: Куркулов Ербол , 9 сынып

Сатов Серікболсын , 9 сынып

Тақырыбы: Ы.Алтынсарин және «Қырғыз хрестоматиясы»

Қостанай қаласы , 2016 ж

Мазмұны

Аннотация (міндеті, өзектілігі , жұмыстың мақсаты және маңыздылығы)

Кіріспе

1 тарау «Қазақ хрестоматиясы – тұңғыш оқулық»

1.1. «Қазақ хрестоматиясының» жазылу тарихы

1.2. Ыбырай Алтынсариннің әдеби мұрасының зерттелуі

Қорытынды

Әдебиеттер тізімі.

АННОТАЦИЯ

Тақырыптың өзектілігі. «Қазақ хрестоматиясы» негізінен Ыбырай Алтынсариннің төл шығармаларынан құралған. Бұл тұста біз Ыбырайды ағартушы-ұстаз ретінде ғана емес, әрі ақын әрі жазушы ретінде танимыз. Оның балаларға арналған туындылары мен көркем аудармалары күні бүгінге дейін көркемдік құндылығын, әдеби маңызын, тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ. Шағын ғылыми жұмыс тақырыбының өзектілігі ағартушы шығармаларының әдеби маңыздылығы мен көркемдік идеясын бүгінгі көзқараста талдау арқылы тану. Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты — ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясына» енген ауыз әдебиеті үлгілері мен аудармалардың, сондай-ақ автордың төл шығармаларын зерделеп, талдау барысында олардың әдеби мән-маңызын бағамдау болып табылады. Бұл бағытта зерттеу жұмысына келесі міндеттер қойылды:

«Қазақ (қырғыз) хрестоматиясы» оқулығына енген әдеби материалдарға тақырыптық тұрғыдан талдау жасау; «Қазақ (қырғыз) хрестоматиясындағы» халық ауыз әдебиеті үлгілерін талдау, олардың мән-маңызын анықтау.

Жұмыстың нысаны – Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ (қырғыз) хрестоматиясы» оқулығына енген халық ауыз әдебиеті үлгілері мен қаламгердің төл туындылары.

Жұмыстың ғылымилығы – «Қазақ(қырғыз) хрестоматиясына» енген көркем туындылардың әдеби маңызы жаңа көзқараста, ұлттық әдебиет мұраттары өлшемінде алғаш рет лицей оқушыларының деңгейінде қарастырылып, талданады.

Жұмыстың құрылымы. Жұмыс аннотациядан, бір тараудан, қорытынды бөлімнен және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Кіріспеде жұмыстың негізгі қағидалары мен мақсаттары баяндалып, жұмыс нысанының өзектілігі көрсетілді. Оның теориялық және тәжірибелік маңызы, ғылыми сипаты баяндалды.

Негізгі тарауда сөз болған зерттеу нәтижелері жинақталып, қысқаша түйін жасалды.

Кіріспе

Бір құдайға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!

Осынау небәрі төрт жолдан ғана тұратын осы өлең шумағын бүкіл қазақ даласында білмейтін адам кемде-кем десек, қателеспеген болар едік. Өйткені бұл өлең жүз жылдан астам уақыт қазақтың оқулық кітаптарына еніп, мектеп табалдырығын аттаған әрбір баланың алғашқы әліппесі болып келеді. Сондықтан да өлең жолдары әрбір қазақтың көкірегінде сақталып, жүрегінде жатталып келеді.

Қазақ халқы бұл өлеңдермен бірге, оны жазып шығарған және басып таратқан адамның да есімін жақсы біледі. Ол — Ыбырай Алтынсарин.

І тарау. «Қазақ хрестоматиясы» — тұңғыш оқулық

1.1. «Қазақ хрестоматиясының» жазылу тарихы

Ыбырайдың әдеби мұрасы бізге негізінен «Қазақ хрестоматиясының» төңірегінде жетті. Сондықтан бұл хрестоматияның жазылу тарихы мен пайда болуын дайындаған жағдайларға соқпай өтуге болмайды. Өйткені хрестоматияның жазылу тарихы мен оның тууын дайындаған әлеуметтік жағдайлар, екінші жағынан, Ыбырайдың жалпы әдебиет саласындағы еңбектерінің тарихы мен өмірге келуін дайындаған қоғамдық құбылыстар болып табылады.

«Қазақ хрестоматиясының» пайда болуы Ыбырайдың ағартушылық қызметімен тығыз байланысты. Ең алдымен, хрестоматияның жаңа ашылған мектептер үшін арналып жазылуының өзі осыны дәлелдейді. Ыбырай бұл еңбегінде көркем шығармалары арқылы өзінің ағартушылық және педагогикалық идеяларын толық көрсете және насихаттай алды.

Ыбырай жаңа типті мектептер үшін оқулық жасау мәселесімен 60- жылдардың басында-ақ шұғылданды. Өйткені қазақ жастарына шын мәнінде білім мен тәрбие беру үшін жаңа оқулықсыз жұмыс жүргізу ешбір мүмкін емес еді. Сөйтіп 1879 жылы басылып жарыққа шыққан «Қазақ хрестоматиясының» принципиалдық негізін Ыбырай сол 60-жылдарда-ақ қарастыра, ойластыра түскен еді. 1862 жылғы бір хатында ол қазақтар үшін нағыз жақсы нәрселерді үйрететін кітаптардың керектігін көрсете келіп, К.Д.Ушинскийдің «Детский мир» кітабын өзінің айрықша ұнататындығын және одан бірен-саран шығармалар аудара бастағанын мәлімдейді. Бұл, сөз жоқ, Ыбырайдың 60-жылдардың басынан бастап-ақ, жаңа оқулық жасау мәселесімен айрықша шұғылданғанын және оны тек К.Д.Ушинский сияқты озық ағартушылардың оқулықтары негізінде жасауды мақсат етіп қойғанын білдіреді.[4,57]

Ыбырай оқулық жасамастан бұрын қазақ даласында сол кезге дейін өмір сүріп келген діни кітаптардың негізгі сырын, кертартпалық мәнін айыра тани білді. Мұның да жаңа оқулық жасауда айрықша маңызы болғаны сөзсіз. «Молдалар оқытып жүрген татар, араб, парсы кітаптарының бәрі де,- деп жазды ол 1862 жылы,- адам баласының дұрыс ойдың бәрінен адастырады, кері кетіреді».[5,67]

Ыбырайдың қазақ мектебін алғаш ресми түрде 1864 жылы ашқаны болмаса, 1860-61 жылдардан бастап-ақ оның өз бетімен қазақ балаларының басын қосып оқыта бергені мәлім. Осыған байланысты сол жылдардың бас кезінен қашан 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясы» жарық көргенге дейін Ыбырай ашқан мектептер қандай оқу құралдарымен пайдаланды екен десек, бұл тұста, әрине, Ыбырайдың қолында тиянақты оқу құралдары болмады. Ол орыстың халықтық мектептерінде пайдаланып жүрген оқулықтарды қазақ тіліне аударып, өзінің қолжазба оқулықтарының негізінде оқытып жүрді.

Қазақ мектептерінің осылайша оқулықсыз өмір сүруінің мүмкін еместігі көп кешікпей-ақ ағарту мекемелерінің де, Ыбырайдың да айрықша назар аударған мәселелерінің бірі болды. Өйткені халықтық үлгіде арнаулы оқулық жасамау деген сөз сол мектептерді өз қолымен жабу, жоқ ету дегенмен бірдей еді.

Осы тәрізді обьективті жағдайлардың нәтижесінде 60-жылдардың екінші жартысынан бастап, орыс алфавиті негізінде оқу құрастыру мәселесі күн тәртібінен берік орын ала бастады.

70-жылдардың бас кезінде қазақ мектептері үшін оқулық жасау мәселесі төңірегіндегі пікір алысу тіпті айрықша көтеріле бастады. 1873 жылы оқу министрлігі Қазанда арнаулы комиссия құруға, мұнда орыс тілін жетік білетін қазақтарды шақырып, олармен әңгімелесуге, пікір алысуға, сөйтіп барып қойылып отырған мәселелер жайында тиянақты қорытындыға келуге рұқсат берді. Бұған Орал облысынан Ержан Шолақов деген болыс пен Торғай облысынан Ыбырай шақырылмақ боп келісілді. Бірақ бұл біраз кешеуілдеп барып, ақырында аяқсыз қалдырылды. Кейін оқулық жасау ісі басқару Орынбор округының попечителі Лавровскийдің қолына көшті.

1875 жылы Орынбор округының попечителі Торғайдың уездік басқармасының іс жүргізушісі Ыбырайға татар тіліндегі «Білік» оқу құралын (оны құрастырушылар Бекчурин, Ильминский және Радлов) попечителдің айтуы бойынша қысқартып, қазақ мектебіне лайықтау ісін тапсырды. Бірақ бұдан да жөнді нәтиже шықпады.

Ақырында көптен-көп пікір алысудың, оқулық жасауға мүмкіндігі бар деген адамдарды мұқият тексеріп, білудің нәтижесінде оқулықты құрастыру ісі Ыбырайға тапсырылды. Ыбырайдың мұндай іске бейім, зерделі екендігін, оның осы игілікті істі әбден меңгеріп кететініне ешқандай шүбәланбайтындары жөнінде тиісті орындарға хаттар жазуда, ұсыныстар жасауда В.В. Григорьев пен Н.И. Ильминскийдің Ыбырайға тигізген көп жәрдемі болды.

Жаңа мектептерге лайық жақсы оқулық жасау мәселесі Ыбырайды халық ағарту майданында алғаш қадам басып аттаған күннен-ақ талай толғантқан мәселелердің бірі еді. Тіпті бұл істі ешкім тапсырмай-ақ талантты педагог-жазушы болашақ оқулықтың принципиалдық негіздерін өте ерте көздеп іздестіре, қарастыра түскен болатын. [4,86-89]

Ыбырай бұл кезде де ол оқулықтың қандай сипатта болуы жайында өз пікірін толық білдірді. «Мәселенің енді мәнді жері: қазақтарға татар фанатизмнің ықпалын тигізбеу, қазақтардың білім алуына оның кесірін тигізбеу ғой. Ондай ықпалдан құтқару үшін, бірте-бірте, бірақ шын құтқару үшін мазмұны балалардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды асықпай, бірақ алған бағыттан қайтпай, қазақтың өз тілінде, олардың өздеріне таныс әріппен шығара білу керек» [6,59] деп жазды. Сондай-ақ 1876 жылы Ыбырайдың Петербургке барып қайту сапары «Қазақ хрестоматиясының» тууын дайындаған шешуші жағдайлардың бірі болды. Қазақ елінің әр түкпірінен жаңа мектептерді қанша ашқанымен, олар арқылы бүкіл дала өмірін толық қамти алмайтынын сезінді. Негізгі мақсатқа сәйкес жаңа оқулықсыз бұл мектептердің де күткен нәтижелерге жеткізе бермейтінін байқады. Осыдан келіп ол өзінің ағартушылық және қоғамдық идеяларын еңбекші халыққа кеңінен жеткізу мақсатымен және дала өміріндегі бастауыш мектептер үшін жаңа оқулық жасау мақсатымен 1876 жылдың декабрінен бастап «Қазақ хрестоматиясын» жазуға кірісті.

Сөйтіп 1860-1876 жылдардың арасы Ыбырайдың көркем шығармаларының тууын дайындаған эволюциялық кезең болды. Бұл жылдарда жүргізілген ағартушылық бағыттағы жұмыстар ол шығармалардың идеялық бағыты мен негізгі мазмұнын белгілей, айқындай түсті. Ағартушының халық өмірімен тікелей араласып, оның алуан түрлі жағдайларымен мейлінше таныс болуы да, халықтың рухани мұқтаждығын сезуі де оның әдеби еңбектерінің тууын тездетіп, халықтың мәнін жетілдіре түскен жағдайлар болды. 1862 жылдан бастап халықтың ауыз әдебиеті нұсқауларын жинау, зерттеу мәселесімен шұғылдану ағартушының көркемдікпен шеберлікке байланысты түсініктерін тереңдетіп, творчестволық қабілетін тәрбиелеп өсіріп отырды. Сонымен, Ыбырай 1876 жылы өзінің әдеби шығармаларын жазуға үлкен өмір мектебінен өткен тәжірибесі мол, творчестволық шеберлігі толысқан қоғамдық көзқарастары айқын, озық бағытта қалыптасқан білімді және саналы азамат дәрежесіне келді.

«Қазақ хрестоматиясы» 1876 жылдан бастап жазылып, 1879 жылы аяқталды. Бұл кезең Ыбырайдың көркем шығармаларының жазылған кезеңі болып саналады.

Қазақстанның Россияға біржолата қосылуына байланысты қазақ қоғамында өнер-білімге құштарлықтың сезіле бастағанын аңғарған Ыбырай «Қазір өткінші жағдайда тұрған халқымыз рухани нәр тілеп отыр»[4,90] ,- деп дұрыс танып, хрестоматияны халықтың сол талап-тілектерімен байланыстыруды өзінің алдындағы басты міндеті деп санады. «Бұл кітапты құрастырғанда мен,- деп ол хрестоматияның алғы өзінде, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын сонымен қабат жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім»[7,29].

Жазушы бұл сөзінде хрестоматияның халықтық мақсатта жазылуын көрсету арқылы сол хрестоматияда қамтылған бүкіл әдеби еңбегінің де халықтық мақсатта туғанын өз аузымен мәлімдейді.

Хрестоматияның орыс алфавиті негізінде жариялануы да автордың демократиялық көзқарастарының нәтижесі еді. Ыбырай «Қазақ сөздері орыс әрпімен анағұрлым дұрыс жазылады [8,56]».- деп, орыс алфавитінің қазақ тілінің дамуына азды-көпті пайдасын тигізетінін орынды болжады, орыс алфавиті діни сөздердің қазақ тіліне ене түсуіне мүмкіндік бермейді, сөйтіп бұл тілдің жат элементтер арқылы бұзылуын болдырмайды деп таныды. Қазақ халқының сауатсыздығынан, қазақ тілінде басылған бір де бір кітаптың жоқтығынан оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда амалсыздан қазақ тілінің орнына татар тілін пайдаланып жүр. Сондықтан, көзге көрінер ешқандай пайдасы болмаса да, шәкірттерге, амалсыздан, татар тілінен ешқандай кемшілігі жоқ ана тілін тастап татар тілін үйренуге тура келеді. Екінші жағынан, татардың кітап тілі, бұл тілді татарлардан шыққан оқымастылардың өздері де менсінбегендіктен, араб, парсы сөздеріне лық толған; сондықтан ол сауатсыз қазақтарға түсініксіз. Осылармен қабат, бір ескертетін нәрсе – қазақ халқы азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды: оның ой–пікірі еркін; оның келешегі үшін оған тек сана- сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр. Ал осы айтылған мақсаттарға жету жолында, мен білсем, осы күнге дейін ешқандай жетекші құрал болған жоқ. Жалпы бастауыш оқу құралдары, хрестоматиялар сияқты кітаптар шын білім беретін кітаптардың Азия халықтарының ешбірінде жоқ екенін еске алып, осы мақсатпен ол 1876 жылы Петербург, Қазан қалаларына арнайы сапармен барып, орыс мектептеріндегі оқулықтар құрылымымен, жалпы оқу-тәрбие жұмысымен танысады, орыстың алдыңғы қатарлы ағартушыларының, педагогтерінің еңбектерін оқу, зерттеу де оның көзін көп нәрсеге жеткізгендей болады. Осыдан кейін Ыбырай оқулық жазуға кіріседі. Бұл туралы 1876 жылдың 3 желтоқсанында Н.И. Ильминскийге жазған хатында:

«… Татар тілінде жазылған кітаптардан құтылу үшін, қазақ тілінде оқуға арналған бастауыш кітабымды кеше ғана бастадым. Оны мынадай өлеңдермен бастадым:

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық.

……………………………. [7,116-117]

Бірінші кітабымды Паульсон кітабының құрастырылу тәртібімен жазып шыққалы отырмын. Әрине, мұны қазақ балаларына лайықтап жазамын. Мысалдарды (басни) енгізгім келмейді, өйткені, қатаң тұрмыста өскен қазақтарға бұдан гөрі мәңдірек әңгімелер керек болады. Мысалдарды қазақ балалары оқығысы келмейтінін, оқыса оған күлетінін, ал олардың ата- аналары: балаларымызға сауысқан мен қарға сөйлеседі деген сияқты жоқ нәрсені үйретеді деп, тіпті, ренжитінін тәжірибемнен білемін. Қазақ балаларына, меніңше, мағыналы анекдоттар, жұмбақтар, ойына ой қосатын әңгімелер, немесе оларды қызықтыратын, мысалы, жібек құртынын, көбелектерінің өзгерулері сияқты, құндыздың өзіне үй салып алатыны сияқты әңгімелер тәуірірек болады. Өлең жағын мен, мүмкін болғанынша, қазақ өлеңдерінің арасынан іріктеп аламын. Екінші кітабымды мен балаларға қызғылықты етіп, табиғат құбылыстары, табиғат күштері туралы, тарихи және географиялық-ғылыми әңгімелер келтірмекпін. Менің бұған шеберлігім және білімім жететінін, жетпейтінін білмеймін, бірақ, қалай да істеп көремін. Сондықтан, менің жоғарыда айтқан программама өзіңіздің қалай қарайтыңызды жазып жіберуіңізді өтінемін» [7,117] -деп, хрестоматияны Ыбырай алғашқыда екі кітап етіп шығаруға жобалағанын айтады. Сондай-ақ қазақ тілінде оқуға арналған мұндай жетекші оқу құралдарын жақын жердегі орыс тілінен іздеуге мәжбүр болғандығын, сондықтан, бұл шығарғалы отырған кітап көздеген мақсатына сәйкес болып, орыстың ғылыми және жалпы пайдалы кітаптарына тікелей жол салып беру үшін және сол орыс кітаптарына мағынасы жағынан да, әрпі жағынан да қайшы келмейтіндігін көздеп, біз осы кітабымызды орыс әрпімен бастырғанды қолайлы деп таптық,- дейді. Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім; екіншіден, бұл кітапта келтірілген әңгімелердің қазақтар үшін ұнамды болуы жағын көздедім; сондықтан, бұл кітапқа енгізетін әңгімелрді тергенде көп қиыншылықтарға кездестім, әрбір мақаланы әр жағынан ойлап барып қосу керек болды.

Мен әлі осындамын, қазақ мақалымен айтқанда жіпсіз байланып отырмын. Хрестоматияның басылуы аяқталып келеді. Бос уақыттарымды пайдаланып, мен мұнда, қазақ балаларына орыс тілін оқытуға жетекші оқу құралын да түзеп қойдым, тек оны қайтадан таза қағазға көшіргенім жоқ, мұны Торғайға барған соң көшіретін болармын. [7,120]

Ыбырай хрестоматияның бірінші кітабын құрастыру ісін 1878 жылдың аяқ кезінде бітіріп, қолжазбасын Орынбор оқу округының попечителіне тапсырды. Попечитель мұны көп кешіктірмей Оқу министрінің қарауына ұсынды. Оқу министрі граф Д.Толстой 1879 жылдың февралында Қазан оқу округының попечителіне бұл туралы мынадай хат жолдады. «Орынбор оқу округының попечителі,- делінеді хатта,- маған Торғай даласының қызметкері хорунжий Ибрагим Алтынсариннің орыс алфавитімен қазақ тілінде жазылған «Қазақ хрестоматиясы» кітабының бірінші бөлімінің қолжазбасын жібере отырып, оны қазақ мектептерінің пайдалануы үшін бастырып шығаруға ұлықсат етуді өтінеді. Алтынсарин мырзаның қолжазбасын сізге жоролдай отырып, оны Қазанның оқытушылар семинариясының статский советнигі Ильминскийдің қарап шығуына беруіңізді және оның қолжазба туралы пікірін қолжазбамен бірге қайтаруыңызды сұраймын». Министрдің бұл өтініші тез орындалып, Н.И. Ильминскийдің ұнатқан пікірі мен қолжазба жоғарғы жаққа қайта оралды. Бұдан кейін ол министрдің сол жылғы арнаулы бұйрығымен Орынбор қаласындағы М.И. Евфимовский-Мировицскийдің баспаханасында басылып шығып, тұңғыш рет өзін аңсай күткен оқушыларының қолына жетеді.

Менің хрестоматиямды басып болды. Енді тек оны мұқабалау ғана қалып отыр. Бес күннен кейін, бастықтарға және менің жақын достарыма жіберуге арналған алғашқы 20 кітабын мұқабалап болғаннан кейін, өз жөніме кетемін. [7,121]

«Қазақ хрестоматиясының» дүниеге келуі жалпы қазақ қоғамының мәдениеті тарихындағы аса бір жарқын құбылыс болумен бірге, оның авторы Ыбырай үшін де теңдесі жоқ қуанышты оқиға болған еді.[4,94] Сол үлкен сезімнің айқын көрсеткіші ретінде ағартушының дәл осы тұста, осы мәселеге байланысты жазған мына бір хатын келтіре өтудің артықшылығы жоқ. «Жоғарғы мәртебелі, Василий Васильевич,- деп жазды ол 1879 жылдың 25 ноябрінде В.В. Григорьевке,- сіздің қамқорлығыңыз бен адамгершілік ықпалыңызда бола жүріп, біз, бірнеше қазақ офицерлері, өздеріміздің қызмет жолымызды бастадық. Жоғарғы мәртебелім, сіздің шәкірттеріңіздің бірі құрастырып шығарған қазақ тіліндегі осы бір тұңғыш кітапты жібере отырып, оны жалпы біздің, әсіресе, менің сізді жоғары бағалап, шексіз сүйетіндігімнің жанды белгісі ретінде қабылдауыңызды өтінемін. Сізді шексіз құрметтеуші Ы. Алтынсарин» [9,46] ,- деп жазады.

Сөйтіп, 1879 жылы Орынбор қаласында Ыбырайдың орыс графикасы негізінде ана тілінде жазылған «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы жарық көрді. Бұл – ұлттық мәдениетіміздің тарихындағы тұңғыш оқулық. Бұл кітаптарды дайындауға Ы. Алтынсарин көп уақытын бөліп, өлшеусіз еңбек сіңірді. «Хрестоматияға» Ыбырай, біріншіден, қазақ халқының ауыз әдебиеті асыл үлгілерін, балаларға арнап жазған дидактикалық нақыл әңгімелер мен өлеңдерді, Крылов, Толстой, Паульсон сияқты орыс жазушыларының әңгімелер мен мысал өлеңдерін аударып енгізді. Алтынсариннің хрестоматиясы төрт бөлімнен құралады: бірінші бөлім — өлеңдер мен балаларға арналған ұсақ әңгімелерден, ертегілерден; екінші бөлім — ересектер туралы әңгімелерден; үшінші бөлім — төл әдебиет нұсқауларынан (әртүрлі өлең жырлардан), ал төртінші бөлім – мақал -мәтелдерден құралған. Хрестоматияның алғы сөзінде автор: «Тұңғыш рет шыққалы отырған еңбек болғандықтан, бұл хрестоматияның кейбір кемшіліктері де болуы мүмкін; бірақ сонда да болса бұл кітап ізсіз болып қалмас, тұңғыш оқу кітабы ретінде, көздеген мақсатына жетер деген үмітпен өзімді жұбатып отырмын. Оның бержағында, осы күні халқымыз өз тіліндегі ғылыми оқу құралдарына аса сусап отырғанына, надан жатқан, бірақ әлі азғындық жолға түспеген, пайдалы нәрсенің бәріне жаны құмар халқымызға шамасы келгенінше қызмет ету біздің әрқайсымыздың да борышымыз екеніне, бәлкім, басқа да менен білімдірек елдестеріміздің де санасы жетіп қалар. [7,23-24]

Хрестоматия алдына қойған екі міндетті де толығынан атқарады. Оқулықтың төңкеріске дейінгі мерзімде бірнеше мәрте қайталап жарық көруі оның өз кезеңіндегі ғана емес, одан кейінгі ұзақ жылдар бойындағы талай жас ұрпақ үшін білім, өнеге көзі, рухани қазына бастауы болып келгенін көрсетеді. Бұл хрестоматияның қазақ мәдениетінің тарихындағы өзіндік үлкен орны мен маңызын айқындайтын факт.

1862 жылы Ыбырай жаңа типті мектеп ашу мақсатына әлі де жете алмай жүрген кездің өзінде қазақтар үшін «… өздеріне түсінікті тілде жазылған, оқығанда ақыл беріп, ой түсіретін кітаптар керек»[8,29] деп жазған болатын. Ыбырай бұл пікірінде, сөз жоқ, діни оқуға, қазақ молдаларының діншілдік әрекеттеріне тек ағартушылық тұрғыда ғана қарсы шығып қоймай, халыққа ұсынылатын жалпы кітаптың да, не көркем шығарманың да озық тәрбиелік мәнде болуын талап еткен еді. Ыбырай да, басқа ағартушылар сияқты әдебиеттің қоғамдық өмірдегі тәрбиелік маңызына айрықша мән берді. Оның пікірінше, әдебиет халықты сауаттандыра отырып, оны білім мен мәдениетке қарай жақындатуы керек, өмірге көзқарасын тәрбиелеп, қоғамдық санасын жетілдіре түсінуге міндетті. Ыбырайдың оқушының «ақыл, ойын кеңейте түсетін кітаптарды» — шығармаларды талап етуі оның негізгі мақсатынан туған.

Ыбырай шығармаларының әлеуметтік мазмұны мен идеялық бағытына көңіл бөлсек, даусыз бір мәселені байқаймыз. Ол — жазушының әдебиетті қоғамдық құбылыс ретінде бағалай білуі. Ыбырайдың әңгімелері мен өлеңдері аз болса да, тікелей өмір мәселелерін суреттеуге арналды. Сол кездегі ескішіл ақындардың шығармаларына тән діни уағыздаулар, қоғамнан, халық тілегінен тыс мәселелер бос қиял мен үмітсіздікке, дәрменсіздікке бой ұру, дараланушылыққа салыну, өмірден торығу т.б. Ыбырай шығармалары үшін мүлде жат құбылыстар. Жазушы шығарманың тақырыбын күнделікті өмірдің өз ішінен алып, оған өзінің озық ойлары тұрғысынан баға беруге талаптанады. Бұдан оның жаңа идеяларды қоғам ішінде кеңінен жая түсу үшін көркем әдебиетті бірден-бір күшті құрал ретінде танығанын және шебер пайдаланғанын көреміз.

Ыбырай шығармаларында көтерілген мәселелер мен қоғам өміріндегі жағдайларға берілген әр түрлі бағалар жазушының орыс әдебиеті дәстүрлерімен нақты таныс екендігін аңғартумен қатар, оның сол бай әдебиеттен үйрену жолында жеткен жетістіктерінің де айқын көрінісі болып табылады.

1.2. «Қазақ хрестоматиясындағы» әдеби мұрасының зерттелуі

Дана халқымыздың руханиятында дала қоңырауы атанған ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен ұлт үшін еткен еңбегі, артына қалдырған өшпес мұралары хақында сақталған деректер мен зерттеулердің біразы ағартушының өз қаламынан шықса, енді бірқатары — замандастары мен дос-жарандарының естеліктері мен ыбырайтанушы ғалымдардың зерттеу еңбектері.

Қазан төңкерісіне дейін ұлы ағартушының ғұмыры мен ұстаздық шығармашылығы жайлы көп айтыла қоймағанын байқаймыз. Дегенмен де, Ыбырайдың ұстаздық, ағартушылық, ғалымдық, қайраткерлік қызметі мен азаматтық келбетін танытатын біраз деректер сақталған. Олар: әр түрлі мазмұндағы іс қағаздары, Я.П. Яковлевтің , Н.И. Ильминскийдің хаттары мен естеліктері, А. Алекторовтың мақалалары, «Қазақ хрестоматиясының» баспадан шығуына байланысты 1879 жылдың 2 желтоқсанында «Оренбургский листок» газетінде жарияланған «Библиографиялық жаңалық» атты авторы белгісіз көлемді мақала және «Дала уәлаяты газетінде» жарияланған азанама тағы да басқа.

1879 жылдың 11 желтоқсанында Орынбор генерал-губернаторының ішкі істер министріне генерал-адъюдант Крыжановский мен іс-қағаз кеңесінің басқарушысы Холодовскийдің қолдары қойылған Орал және Торғай облыстық басқармалары жанында орыс және қазақ тілдерінде мерзімді баспасөз шығару туралы қатынас-қағаз келіп түседі. Бұл құжатта «барлық іс қағаздарында татар тілінің орнына қазақ тілі қолданылсын, осыған сәйкес татар тәржімешілері қазақтармен алмастырылатын болсын деген халық ағарту министрінің жарлығы хабарланады. Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу үшін қазақтарға орыс алфавитін қолдану қолайлы… дарынды қазақ Алтынсарин… қазақ хрестоматиясын орыс алфавитімен құрастырған, сондай-ақ қазақ тілінің қысқаша грамматикасын әзірледі…[7,40]» деген мәліметтер беріледі.

«Дала уалаяты газеті» Ыбырай өнегесін насихаттап, оны үлгі тұтуға шақырып отырды. «… қазақ тілінің тазалығын сақтау жайында жарияланған материалдарында Ы.Алтынсарин идеясын дәйекті қорғап, әрі дамытып отырды. Асылқожа Құрманбаев өзінің «Қазақ тілі хақында» деген үлкен мақаласында қазақ тілін араб, парсы, татар сөздерімен шұбарлауға қарсы шығып, «тек өзінің ана тілін ғана емес, сонымен қатар көптеген шығыс тілдерін білген, демек оларды бір-бірімен салыстыруға құдіреті жеткен әйгілі Алтынсарин қазақ тілін мейлінше өте бай тіл деген, ол тілде қандай кітап болса да жазып шығуға болады деген» деп, Ыбырайдың өнегелі ойын дәлелге келтіреді. Өз пікірін әрі нығыздай түсу үшін автор «Алтынсарин қазақ тілінің қасиетін сөзбен ғана емес, іс жүзінде дәлелдеді. Ол мысалы қазақ тілінде үп-үлкен «Қазақ хрестоматиясын» жазды. Қазақ халқын және оның тілін сүюшілер марқұм Алтынсарин салып кеткен жолмен жүрулері керек және ол бастап кеткен істі, қазақ тілінің ережелерін жүйелеп, тәртіпке келтіру ісін жүргізе берулері керек» деп, өз пікірін айқын тұжырымдады. Осы автордың мақаласынан, ең алдымен, Ыбырайды аса қадірлейтінін, оның тарихи еңбегін жоғары бағалайтынын аңғарамыз [10,59]».

Н.И. Ильминскийдің Ыбырай еңбегі туралы бұл пікіріне әділ баға беру керек сияқты. Дұрыстап зерделесек, Ыбырай мұраларының жоғалып кетпей, бізге жетуіне мұрындық болған бірден-бір адам Н.И. Ильминский екенін байқау қиын емес. Бұл жайында Әнуар Дербісалин «Ыбырайдың творчестволық мұрасына бірсыпыра дұрыс баға берген, көп еңбектерінің, әсіресе, хаттарының біздің кезімізге жетуіне жағдай жасаған, оларды мұқият сақтап, дер мезгілінде жариялаған Н.И. Ильминский болды («Алтынсарин туралы естеліктер», Қазан, 1891 жыл). Н.И. Ильминский болмаса осылардың қайсысы да бізге жетпей, жоғалып кетуі мүмкін еді [4,31]» дейді де,

Н.И. Ильминскийге Ыбырайдың бірінші биографы деген баға береді. Ыбырай дүние салғаннан кейін Н.И. Ильминский «Ы. Алтынсарин туралы естеліктер» атты кітап жазады. Қазанама түрінде жазылған бұл естелік кітапта Ыбырайдың өмірі туралы деректер мен қызметі, қазақ халқына сіңірген зор еңбегі айрықша жоғары бағаланады.

1879 жылы Орынборда 2000 дана болып орыс қарпі негізінде «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» басылып шығады. Осыған байланысты «Оренбургский листок» газетінде таныстыру және бағалау мақсатындағы арнайы мақала жарияланып, оқулыққа үлкен баға беріледі: «…біз дарындылық қасиеттерімен көзге түсіп, бүкіл адамдық өмір майданында ақындық қабілеттің, таза және қуатты ойлардың таусылмас қорымен көрінген халықтың әдебиетіне негіз болуға мүмкіндігі бар қазақ тіліндегі бірінші кітапты шығаруабыройының біздің баспахананың үлесіне тиген қуанышын жасыра алмаймыз [4,26-27]». Бұл жолдар білім берудің жаңа бір тынысын ашқан «Қазақ (қырғыз) хрестоматиясының» жасалуы, жарыққа шығуы қазақ даласына қаншалықты жаңалық, қаншалықты бетбұрыс әкелгендігін аңғартады.

Ы. Алтынсариннің қайтыс болғанына байланысты 1889 жылы «Дала уалаяты газетіне» «Минақиб Ибраһим Алтынсарин» деген атпен қазанама (некролог) жарияланады. Мұнда ұлы ағартушының «17 шілдеде елу екі жасында өкпе ауруынан опат болғаны» хабарланып, өмірі мен қызметі туралы деректер берілген. Газет «1876 жылда қазақтан бір белгілі адам болып марқұм Алтынсарин оқуды қарап тұратын министр граф Д.А. Толстойға көрініп, білініп еді. Сентябрьде 1879 жылда жаңа қазақша оқуынша оқытатын медреселерге Торғай облысының инспекторлігіне бекітілді. Осы қызметте он жыл тұрып, қазақ арасына білім жайып, орысша өнер шашуға жиһат қылды. Сол марқұм нешеме еркек балалар оқитын орысша-қазақша медреселер салып, бір ұрғашылар оқитын медресе және салдырып және Торғай шаһарында бір өнер үйрететін медресе салдырып еді [11,158]» деп, қазақ қыздарына арналған оқу орнын ашқан алғаш Ыбырай болғандығын атап өтеді. «Дала уалаятының» Ыбырайдың халық ағарту майданы мен әдебиет саласындағы еңбектері оның өзі тірі кезінде-ақ көп жұртшылықтың назарын аударды. Ағартушының қазақ қоғамы дамуында ерекше құбылыс боп саналатын «Қазақ хрестоматиясының» баспадан шыға салысымен-ақ «Оренбургский листок» газетінде былайша таныстырылуы және бағалануы айрықша атап өтерлік жағдай еді. «Қорыта айтқанда, біз дарындылық қасиеттерімен көзге түсіп, бүкіл адамдық өмір майданында ақындық қабілеттің таза және қуатты ойлардың таусылмас қорымен көрінген халықтың әдебиетіне негіз болуға мүмкіндігі бар қазақ тіліндегі бірінші кітапты шығару абыройының біздің баспахананың үлесіне тиген қуанышын жасыра алмаймыз [13,4]». Газеттің осы номерінде Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңдері «Сөзбасы» деген атпен тұңғыш рет газет бетінде жарияланды. Қоғамдық өмірге жаңа ғана келген. Прогресшіл мәдениет пен озық өнер-білімнің алғашқы қарлығашы тәрізді хрестоматияның бірден, халық сынына түспей тұрып-ақ осылай жоғары бағалануы Ыбырайдың сол қоғамдық өмірдегі беделін, оның қандай мақсаттағы мәдениет қайраткері ретінде замандастарына танылғанын аңғартып қана қоймайды, хрестоматиямен нақты танысқан бастапқы аз ғана адамдардың да оның жаңаша мазмұны мен мақсатын дұрыс бағалап, оған лайықты үміт артқанын білдіреді. Мәселе мақала авторының кім екендігінде емес еді. «Оренбургский листок». Ол кім болғанда да қазақ халқының мәдениет пен экономика жағынан мешеу дәрежеде екенін нақты түсіне білетін, сондықтан да хрестоматияның беттерінен ескен жаңаша рухтың өзіндік сезінген үлкен мұраның бірінші сыншысы. Тұтас алғанда бұл мақала «Қазақ хрестоматиясының» қоғамдық өмірге зор жаңалық болып келгендігін, білім мен мәдениетке аңсаған жұртшылықты зорға қуанышқа бөлегендігін, сөйтіп, алғашқы кездің өзінен бастап-ақ әлеуметтік өмірден өзіне лайық орын алғандығын танытатын тамаша дерек боп табылады.

Ыбырайдың тұңғыш еңбегі, әдеби шығармаларының бірден-бір жинағы, қазақ жазба әдебиетінің төл туындысы – «Қазақ хрестоматиясы» алғаш рет 1879 жылы Орынборда жарияланды. Мұны жариялау жөнінде оқу министрі Д.А. Толстойдың арнайы бұйрығы болды. Қазақтың ана тілінде шыққан бұл тұңғыш кітап сол кездегі дала тұрмысы үшін ең үлкен тиражбен – 2000 дана боп орыс алфавиті негізінде басылып шықты. «Қазақ хрестоматиясы» кейін 1889, 1896, 1899 жылдары «Махтубат» деген атпен біраз қысқартылып араб алфавиті негізінде жарияланды. («Махтубат» араб тілінде хаттар деген мағынада)1906 жылы хрестоматияны А.Васильев орыс алфавитімен қайта шығарды. Хрестоматияның басылуына ол ағартушының өзі қалдырып кеткен қолжазбалардан деп үш ертегі, үш өлең енгізді және ІҮ-Ү бөлімдеріндегі материалдарды өзінше орналастырды, кішігірім қосымшалармен толықтырды (әсіресе мақал-мәтелдер саласында). Хрестоматияның бұл басылуы 1917 жылға дейін соңғы рет жариялануы болып саналады.

Ыбырай хрестоматиясының әр кезде де оқушы көпшілік тарапынан зор құрметке ие болып отырғандығын көрсете өту үшін мына бір жағдайды да айта өткеннің артықшылығы да болмайды. Бұл хрестоматия қай мезгілде жарияланса баспасөз бетінде өзіне лайық үн, дабыл туғызып отырды. Надандықтан ғасырлар бойы қол үзе алмай келген мәдени және экономикалық мешеу ортада сол тұста шыққан өзге кейбір кітаптардың өзіне лайық оқушы таба алмай, көп кешікпей ұмыт болып отырғанын ескерсек, «Қазақ хрестоматиясының» сол дәуірде бірнеше рет басылып, әр басылуында оқушы жұртшылықтың бүкіл назарын өзіне аударуынан оның сонау келмеске кеткен қара түнек ескі заманның өзінде қандай маңызды болғанын әркім-ақ тани алады. Хрестоматияның А.Васильев редакциясымен басылуы жайында 1906 жылы 17 декабрьде «Тургайская газета» былай деп жазды: «Оқытушылар мен оқушылар арқылы ол тіпті мектептен тыс та кең тарады, сондықтан да қазір Алтынсариннің хрестоматиясымен таныс емес сауатты қазақты өте сирек кездестіреміз… ұсақ халықтар арасында оқу-тәрбие жұмысының қойылуымен айналысушы адамдардың барлығына да осы пайдалы кітапты ұсынамыз. Алтынсариннің есімі жұртшылыққа соншалықты мәлім, сондықтан оның еңбегі айрықша таныстыруды қажет етпейді».

Ыбырайдың хрестоматияға енгізілген шығармалары 1917 жылға дейін баспасөз бетінде немесе жеке кітаптарда тым аз жарияланды. И.А. Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалының Ыбырай аударған нұсқасы 1892 жылы 24 октябрьде «Дала уалаяты» газетінде жарияланды. Ағартушының ауыз әдебиеті нұсқаларын алып, хрестоматияға енгізген «Лұқпан хакім» нұсқасының варианты 1894 жылы Исхақ Чуленбаев дегеннің аудармасымен «Дала уалаяты» (№3) газетінде басылып шықты. «Киргизская хрестоматиясы» кітабының бірінші бөлімінде И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалы Ыбырайдың аудармасы түрінде жарияланды. Ағартушының «Жаз» өлеңі тұтас күйінде Әсір Әлқаш, Орынбай бин Құрымбай қыпшақ дегеннің «Насихат ел қазақия» деген өлеңдер жинағында (Қазан, 1900ж.) жарияланды.

80-жылдардың бірінші жарымында Ыбырайдың әдеби еңбегі қазақ қоғамының ішінде салмақты орынға ие болды.

Ы. Алтынсарин мұрасын кешенді түрде зерттеу ісі 1949 жылы ұлы ағартушы-ның дүниеден озғанына 60 жыл толуына байланысты өткен Қазақ КСР Ғылым академиясының Ы. Алтынсаринге арналған ғылыми сессиясынан бастау алады. Ыбырайтану ғылымының кең өріс алып, қанат жаюы да осы кезеңге сәйкес келеді.

Дегенмен бұл кезеңге дейін де Ы. Алтынсариннің әдеби мұраларына қатысты әдебиет зерттеушілері тарапынан айтылған бірен-саран пікірлерді кездестіреміз. Бұл пікірлер Ыбырай шығармашылығының маңызын толық ашып бере алмағанымен, өзіндік алғашқы бағалаушылық салмағы бар құнды пікірлер.

С. Сейфуллин «Ыбырай бір жағынан ақын болса, екінші жағынан халық ағарту майданында қызмет қылған. …ол қазақ әдебиетін Европа жолына, өнер жолына бұрып бастаған ең тұңғыш жаңашыл, суретші ақын» [4, 249], «Жас буынға арнап шығарған Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылығын» жатқа білмеген оқушы болмаған» [4, 250] деп, Ыбырайдың қазақ әдебиетінде соны сүрлеу, тың түрен салған жаңашыл ақын екендігі туралы алғашқылардың бірі болып айтса, С. Аспандияров «Ол өзінің әдеби шығармаларында халықты оқу-білімге шақырды» [4, 20] деп, ақын шығармаларының оқу-тәрбиелік маңызына назар аударады. Ал Б. Кенжебаев «Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» деген оқу-білімді, техниканы дәріптеген, «Ей, жігітер» деген адамшылыққа үндеген өлеңдері, «Жаз», «Өзен» деген табиғатты суреттеген өлеңдері және осы бағыттардағы толып жатқан қысқа, мағыналы, көркем әңгіме-новеллалары қазақ әдебиетінің тарихында мазмұн жағынан болсын, түр жағынан болсын жаңа өлеңдер, жаңа әңгімелер еді. Ыбырай, оны іле-шала Абай қазақ халқының жаңа әдебиетіне яғни европалық стильдегі әдебиетіне негіз салды, қазақ халқы әдебиетінің тарихында жаңа сарын туғызды» [4, 28] деп, Ыбырайдың қазақ поэзиясын тақырыптық жағынан кеңейтіп, түрлендірген ақын екендігімен қатар, оның қазақтың жаңа үлгідегі, жаңа сарындағы әдебиетінің негізін қалаушы ретінде бағалайды. Қ. Жұмалиев Ы. Алтынсариннің «тарихи кезеңде әлеуметтік мәні зор үлкен іс, ауыр жүкті арқалаған адам» екендігін айта келіп, оның шығармашылығының тақырыптық ерекшелігі мен идеялық мазмұнына кеңінен тоқталып, талдайды. «Ыбырай қазақ жастарын оқуға үндеумен қатар, адамгершілікке, махаббат, достыққа, еңбекке, жігерлілікке, тапқырлыққа, халқын сүюшілікке, қысқасын айтқанда, адам деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуға үндеді және жастарға бала кезінен бастап дұрыс тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол жақсы ұғынды. Сондықтан Ыбырай өзінің оқытушылық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын осы мақсатқа бағындырды» [4, 28] дей келіп, ғалым «Қазақ хрестоматиясына» енген Ы. Алтынсариннің «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Атымтай Жомарт», «Мейірімді бала», «Шеше мен бала», «Аурудан аяған күштірек», т.б. әңгімелерін талдайды. Жазушы әңгімелерін тақырыптық жағынан жан-жақты талдап, жіктейді. Ыбырай поэзиясына келгенде басқа ғалымдар сияқты Қ. Жұмалиев те «Алтынсариннің …қазақ поэзиясына енгізген және бір жаңалығы – табиғат лирикалары» [4, 263] деген тұжырым жасайды. Ғалым Ыбырай Алтынсариннің әдеби мұраларын зерделей келіп, «Алтынсаринге шейінгі қазақ әдебиеті түп-түгел поэзия. Ауыз әдебиетіндегі ертегі әңгімелерді ғана айтпасақ, тарихқа аты мәлім ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының біреуі де қара сөз жазған емес. Тіпті ұлы ақынымыз Абай да көркем қара сөзбен шұғылданған жоқ. Эпостық жанрдың бұл түрін жасауда бірінші рет қолына қалам ұстап, әдебиетімізге соныдан жол салып, үлгі пішкен жазушы – Алтынсарин. Сондықтан оны қазақ әдебиетіндегі көркем сөздің негізін салушы, атасы десек, мақтау емес, шындық» [4, 264 — 265] деп қорытындылайды. Қ. Жұмалиевтің бұл ғылыми талдау мен зерде сарабынан өткізген құнды пікіріне зер салып пайымдасақ, Абай қазақ әдебиетінде жаңа үлгідегі жазба өлеңнің негізін қалаушы болса, Ыбырай тың тақырыптарды арқау еткен соны сарынды жаңа үлгідегі қазақ прозасының негізін салушы деген тұжырымды ойды аңғару қиын емес. Демек, ғалымның пікірінше, қазақ прозасының, көркем қара сөзінің көшбасшысы – Ы. Алтынсарин.

Ыбырай мұраларына байланысты кейінгі жылдардағы зерттеу еңбектердің барлығына жуығы осы пікірлердің айналасында өрбитіндігі байқалады.

Жоғарыда аталған сессияға байланысты «Социалистік Қазақстан» газетінің 1950 жылдың 11 сәуіріндегі санында М. Әуезов «Ыбрай Алтынсарин – қазақ мәдениетінің зор қайраткері» атты мақала жариялайды. 1923 жылы «Шолпан» журналының бірнеше сандарында қатарынан «М» деген бүркеншік есіммен 26 беттен тұратын көлемді мақала жариялап, Ыбырайдың ұлт мәдениетінің жаңарып, түрленуі жолында сіңірген еңбегіне, оқу-ағарту саласындағы қызметіне, әдеби шығармаларына айрықша тоқталып, «Ыбырайдың «Сөз басы» өлеңі қазақ халқының жасөспірім, жас ұланға салып кеткен заңы, ұраны», «Қазақтан шыққан шын қазақ ақыны» [14,4] деп баға берген М. Әуезов бұл мақаласында Ыбырай мен Абайдың шығармашылық байланысына тоқталып, Ы. Алтынсариннің ақындық, жазушылық ерекшелігін шебер ашып көрсетеді. М. Әуезов Қазақ тарихының ХІХ ғасырындағы «көзге толық, көңілге медеу» [15, 20] үш мұнара – Шоқан, Ыбырай, Абай еңбектерінің өзіндік ерекшелік сипаттарына тоқтала келіп, «Ыбырайды алсақ, …өмірі, еңбек еткен ортасы, әлеуметтік-қоғамдық қайраты, әрекеті жөнінде Шоқанға да, Абайға да ұқсамайды. Ыбырай жаңағы екеуінің де ісін өз өмірінде еңбегіне түйістіріп қоса білді. Сөйтіп ол екеуі де істеген тың тарихтық ұзақ өрісі бар, зор келешегі бар істердің үлгісін өз қолымен орнатты. Әрі ол жаңа үлгідегі ақын…» [5, 22–23] деп, Ы. Алтынсариннің қазақ поэзиясына жаңалық әкелуші ретіндегі қызметіне баға береді.

М. Әуезов Ыбырайдың өз тұсында- ақ халық арасында зор беделді адам болғандығын айта келіп, Ыбырай өлеңдерімен алғаш танысуы жайлы «…біз бала күнімізде Ыбырай шығармасымен ең алғашқы танысқан шақтарымызды еске ала кетуге болады. Ең алғаш Абайдың қолжазбасымен шала хат танитын бала күйде танысқанымызда Мүрсейіт молда жазған қолжазба кітапты түгелімен Абай кітабы деп білуші едік. Шетінен бастап жаттауға кірісіп едік. Сонда «Сәуірде көтерілер рақмет туы» деген өлең мен «Араз бол кедей болсаң ұрлықпенен» деген өлең Абай кітабының ішінде бірге жазылған екен. Сол шақта Абай, Ыбырай бір адам шығар деп ойлаушы едік» [5,25] деп еске алып өтеді. Абай мен Ыбырайдың табиғат лирикасы тақырыбына жазылған өлеңдері жайлы да «Екеуінің қазақ ауылындағы көктем жайындағы жазғандарын оқып отырсаңыз, шынында, бір ақындық мектептің, бір түрлі ақындық дәстүрдің үлгісін көресіз және екеуі де бұрын қазақ жазбаған өлеңді жазған» [5, 25] деп, тың ғылыми маңызы бар тұжырым жасайды. М. Әуезов Ыбырай шығармашылығына арнап көлемді зерттеу еңбек жазбаса да, осы мақаласынан-ақ оның ыбырайтануға қосқан үлесінің аз еместігін байқауға болады. Ыбырай мен Абайды өмір сүрген кезеңі, әлеуметтік ортасы, ақындық мұраттары мен шығармашылық арнасы сабақтасып, үндесіп жатқан үлкен рухани арна ретінде таныған ғалым «Ыбырайдың әрқашан Абай атымен бірге жазылып, жатталып, таратып жүруі бұл екеуінің үні бір, үміті бір, арман-бағыты және болашақ тағдыры бір ақын екендіктерін танытушы еді» [5, 25] деп пайымдайды. Өз мақаласында ғалым Абайдың тірлігінде Ыбырайды аса құрмет тұтқанын, оның өлеңдерін өз өлеңдерімен бірге жазбаға түсіртіп отырғандығын тілге тиек етеді. Бұдан біз қазақ руханиятының алып тұлғаларының арасында шығармашылық сабақтастықпен қатар өрілген ілтипат пен құрметке толы байланыс болғандығын аңғарамыз. М. Әуезов Ыбырай мен Абай шығармашылығын, әсіресе олардың өнер, білім, табиғат лирикасы тақырыптарына қатысты өлеңдерін тақырыптық, идеялық, формалық жаңашылдығы тұрғысынан тығыз сабақтастықта қарастырады. Ыбырайдың ағартушылық қызметін зерделеумен қатар, оның жазушылық, ақындық шеберлігіне жан-жақты талдау жасаған Ә. Сыдықовтың 1949 жылы басылып шыққан «Ы. Алтынсариннің педагогикалық идеялары мен ағартушылық қызметі» деген монографиялық еңбегі болды. Ә. Сыдықов Ыбырайдың әдеби мұрасы мен шығармашылық өмірі жайында тың деректер келтіре отырып, ғылыми тұжырымдар жасайды. Ыбырайдың талантты ақын, шебер жазушы екендігін атап көрсетеді. «Ыбырайдың әдеби мұрасы бізге «Қазақ хрестоматиясының» төңірегінде жетті» деп дұрыс тұжырымдаған ғалым [5, 85] Ы. Алтынсариннің көркем шығармаларының тарихы мен өмірге келуін дайындаған қоғамдық, әлеуметтік құбылыстарды таразылап, зерделей келіп, «Ыбырай Алтынсариннің жазушылық қызметі де, оның ағартушылық еңбегі сияқты, қазақ қоғамының даму процесі негізінде туды» [15, 102] деп түйіндейді. Ғалым Ыбырайға дейінгі қазақ әдебиетінің жай-күйіне шолу жасап, далалық әдебиет үшін мейлінше зор жаңалық болып көрінген Ыбырай шығармашылығының «өзіне дейінгі әдебиеттен принципиалдық өзгешелігін» [16, 103] атап көрсетеді. Ыбырайға дейінгі кезеңде өмір сүрген Махамбет Өтемісұлының, Шернияздың шығармашылығына тоқталып, оларды «дала тұрмысына сай ерлік пен күрес рухына толы реалистік жырлар әкелген» [16, 103] ақындар деп бағалайды. Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір шығармаларына өз кезеңінің түсінігімен, социалистік реализм ұстанымы тұрғысынан қарап, оларды кертартпа, ескішіл әдебиеттің өкілі деп түсіндіреді. «Ыбырайдың әдеби көзқарастарының белгілі жүйеге келіп айқындала түсуі кезең жағынан алып қарағанда, оның ағартушылық қызметінің басталу мерзімімен шамалас» екендігін [16,106] ескертіп, Ыбырай шығармаларының жалпы бұқара халыққа түсінікті қазақ тілінің тазалығын сақтай отырып жазылғандығын тілге тиек етеді.

Ыбырайдың әңгімелері мен өлеңдері тікелей өмір мәселелерін суреттеуге арналды» [16,107] деп, ғалым Ы. Алтынсариннің жаңа идеяларды қоғам ішінде кеңінен жая түсу үшін көркем әдебиетті бірден-бір күшті құрал ретінде танығанын дөп басады.

Ә. Сыдықовтың пікірінше, Ыбырайды әдебиетке алып келген нәрсе – ағартушылық идеясы. Халықты өнер-білімге үндеуде, мәдениетке, еңбекке, жалпы жарқын болашаққа ынталандыруда Ыбырайдың ең бірінші құралы — әдебиет. Ғалым, сонымен қатар, Ыбырайдың «Қазақ хрестоматиясына» енген әңгіме, өлеңдеріне, олардың мазмұндық сипаты мен тақырыптық ерекшелігіне талдау жасайды. «Қазақ хрестоматиясының» беташары іспеттес «Сөз басы» деген ортақ атаумен берілген екі өлеңді – «Кел, балалар, оқылық» пен «Өнер-білім бар жұрттарды» бүкіл өмірін ағартушылыққа арнаған Ыбырайдың негізгі идеяларына құрылған өлеңдер деп көрсетеді. «…ол халық ағарту мәселесін ұтымды насихаттап, шебер көрсете алатын шығармаларды көптеп жасауға баса назар аударды, өнер-білім жағынан мешеу сатыда тұрған қазақ халқы сияқты халық үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін насихаттай алатын қысқа көлемдегі поэтикалық шығармалардың айрықша қажеттігін де жақсы сезінді» деп, Ыбырайдың ақындық ұстанымының айқын ағартушылық бағытта болғандығын аңғартады. Ғалым Ыбырай өлеңдерін Францияның ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы ұлы ағартушысы Жан-Пьер Беранженің үздік шығармаларымен сарындас болып келетінін атап өтеді де, оның ағартушылық бағытта жазылған, В.С. Курочкин орыс тіліне тәржімалаған «Сабақ» атты өлеңін «Кел, балалар, оқылық!» өлеңімен идеялық жағынан салыстыра талдайды: «Беранженің «Сабақ» өлеңі «Кел, балалар, оқылыққа!», ең алдымен, көтеретін мәселесі және идеялық мазмұны жағынан ұқсас. Беранже де білімнің артықшылық қасиеттерін жан-жақты көрсетеді, оны өмір фактілері арқылы дәлелдейді. Беранже гректің атақты теңізшісі, Грецияның Түркия ездігінен босауына зор үлес қосқан Канариді тек өнер-білімнің арқасында ғана өз Отанының игілігі үшін тамаша ерліктер жасай алды деп көрсетеді» [16,113]. Ғалым Ә. Сыдықов В.С. Курочкиннің аудармасына сүйене отырып екі өлеңді салыстырып, нәтижесінде екеуінің түр жағынан ұқсас екендігін дәлелдейді. Екеуінде де білімге шақыру ұраны бірден көзге түсетіндігін айтып, екі ақын өлеңдерінен жолма-жол мысалдар келтіреді. «Ыбырайдың «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңі мен «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің арасынан идеялық сабақтастық тапқан зерттеуші алғашқысын кейінгісінің жалғасы іспеттес деп көрсетеді. «Ақын «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінде білімнің артықшылығын қазақ қоғамындағы әр түрлі жағдайлармен салыстыра отырып көрсетсе, «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде ғылымның жетістіктерін тікелей мадақтайды, мәдениетті елдің озық салтын баяндайды. Шығарманың лирикалық кейіпкері өз замандастарының назарын мәдениетті елдің қолы жеткен табыстарына аударуды көздейді, олардан үйренуге шақырады, халқының мәдени мешеулігіне қынжылады» [16,114]. Сонымен қатар ғалым ақынның өлең өрімдері мен өлең құрылымына, ұйқас түріне, ойды анық жеткізу тәсіліне, өлең тілі мен стиліне, авторлық даралық пен ерекшелікке баса назар аударады. «Ақын өнер мен білімге қолы жеткен халықтың экономикалық озықтығын әр салада көрсетеді және оларды өз оқушысының ұғымындағы түсініктер арқылы беруге талаптанады. Бұл, әсіресе, өлеңнің тілдік ерекшелігінен айрықша байқалады» [16,115] дей келіп, өлең мәтінінен алынған «Сарай салғызды», «Айшылық алыс жер», Көзіңді ашып-жұмғанша», «Құстай ұшу», «Балықтай жүзу», «Ат өнері білінбес, бәйгіге түсіп жарыспай», «Желкілдеп шыққан көк шөптей», «Өнер – жігіт көркі», «Сіздерге бердім батамды», т.б. тіркестердің «халықтың күнделікті өмірде жиі қолданатын және ауыз әдебиетінде жиі кездесетін сөздер» екендігін, сондықтан да қазақ ұғымына сай, қарапайым халықтық тілде, жатық беріліп, оқырманға өлең мазмұнының айқын да ұғынықты жетуіне негіз болып тұрғандығын айтады. «Шығарманың жазылу түрі де халық өлеңдерінің стиліне мейлінше ұқсас; ылғи шұбыртпалы ұйқаспен жазылған. Бұл ерекшеліктерде өлеңнің ұлттық қасиеттір мен өткірлік құнын айқын көрсетіп тұр» деген ғалымның бағалаушылық пікірі ішкі мазмұндық идеясы жағынан қазақ өлеңі үшін жаңалық болғанымен, еуропа өнері мен білімін насихаттап тұрғанымен, Ыбырай өлеңдерінің таза ұлттық сипатқа ие екендігін дәлелдейді.

Ыбырай өлеңдерінде үгіт-насихат, көбіне, жастарға қарата айтылады. Ыбырай өзі де жаңа заманның тұтқасын ұстайтын жастар болады деп, ғылым мен білім, өнер сәулесін жастар санасына себуге бар ғұмырын сарп етіп өтті. Ә. Сыдықов Ыбырайдың жастарға арнаған өлеңдерін жеке алып талдап, идеялық мазмұнын ашып таратады. Ақынның табиғат лирикасына арналған өлеңдерін жеке қарастырып, «Ыбырайдың бірлі-жарым өлеңдері табиғаттың сұлу көріністерін суреттеуге арналған. Мұндай лирикалық өлеңдер қазақ әдебиетінде ыбырайға дейін жөнді кездеспейтін еді» [16,118] деген пікір айтады. Ыбырай мен Абайдың табиғат көріністеріне ерекше көңіл аударып, шабытпен жырлаған өлеңдерін орыс классиктерінің өлеңдерімен салыстыра қарастырып, мұндай жаңа үлгідегі өлең жазудың негізі эстетикалық сезімнің тереңдігінен деген түйін жасайды. Ыбырайдың «Жаз», «Өзен» өлеңдерінің халық арасында таралу тарихынан деректер келтіреді.

Ғалым Ы. Алтынсариннің прозалық шығармаларына да кеңінен тоқталған. «Бай мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй мен ағаш үй», «Надандық», «Лұқпан хакім», т.б. шығармаларына арнайы талдай тоқталып, жазушы шығармашылығына «Ыбырайға дейін қазақ даласында жазба әдебиетке тән стильмен заман шындығын айқын көрсете алған белгілі ақын-жазушы болған жоқ еді» [16,124] деген жоғары баға береді.

«Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесін Салтыков-Щедриннің 1869 жылы жазған «Екі генералды бір мұжықтың асырауы туралы повесть» деген шығармасымен тақырыптық ұқсастығы жағынан салыстыра қарастырып, екі шығарманың идеялық жағынан сабақтасып жатқандығын саралайды. Ыбырай шығармашылығының тек қазақ арасында ғана емес, сонымен қатар орыс оқырмандарын да көптен бері қызықтырып келе жатқандығы туралы қызықты деректер келтіреді. Ыбырайдың аталмыш әңгімесін 1890 жылы Н.Иванов деген журналистің аударып, «Родник» журналының 6-санында жариялағандығын жазады.

Қорыта келгенде, Ыбырайдың әдеби мұрасы жайлы жазылған зерттеулердің басым көпшілігі Ыбырай шығармашылығының тақырыптық және идеялық құндылығын атап көрсетіп, оны қазақ әдебиетінің жаңа бір белесінің бастауы, әдеби дамудың жаңа бағытының көкжиегі, тың тақырыптар мен өміршең идеяның басы ретінде бағалайды.

Біз өзіміздің шағын ғылыми ізденісімізден мынадай тұжырым шығардық:

Егер де, Ы.Алтынсариннің осы оқулығы болмағанда татар тілінде сауат ашуға тура келер еді. Және сол тілмен бірге араб,парсы тілдерінің араласуы арқылы сауатсыздыққа ұшырар ма едік?!

Екіншіден, «Қазақ/қырғыз хрестоматиясы» оқулығы ағартушылық қызметті жаңғыртуға және дамытуға жол ашты деп санауға болады. Себебі, орыс графикасына икемделмеген жағдайда, біздің ағартушылықтың даму процесі баяу болар ма еді немесе болмас па еді?!

Үшіншіден, «Қазақ/қырғыз хрестоматиясына» енген тәрбиелік мәні зор шығармалар қазақ халқының ұғымына тән. Демек, өмірлік тәжірибе ретінде ұстануға болады. Себебі, біздің түсінуімізше, мектепте алып жүрген тәрбиемізге сүйеніп және жалпы қазақ халқының тәрбиесіне сай, біреуді «клоун» ретінде пайдаланып, тәрбиелеуге болмайды.

Қорытынды

«Қарағым, мұнда жүрсең нетер едің?

Қолыңа құрық алып кетер едің!

Тентіреп екі ауылдың арасында

Жүргенмен не мұратқа жетер едің?»-

деп атасы Балғожа би айтқандай, Ыбырай өз атасы тәрізді тек ауыл адамы ғана емес, бүкіл бір халықтың маңдайына біткен жарық жұлдызы болып қазақ мәдениетінің көгіне жарқырап шыға келді. [28,3]

Мәдениет пен өнердің әр саласында жасаған ағартушы мұрасының өшпес, ескірмес сыры сол өзінің жаңашылдық, халықтық озық ерекшеліктерімен тығыз байланысты еді. Сондықтан да Ыбырай есімі қашан да халықпен бірге жасап, оның мақтаныш ететін сүйікті ұлдарының қатарында орын алып келеді. Бұл ретте орыстың ұлы сыншысы В.Г. Белинскийдің ұлы ақын «…өлген кезіндегі дәрежесінде қалып қоймайды. Ол табиғаттың мәңгі тірі, мәңгі қозғалыста болатын құбылыстары тәрізді қоғамдық санамен бірге дамып отырады. Әрбір дәуір ол жөнінде өз пікірін білдіреді»,- деген данышпандық пікірін Ыбырай жөнінде де әбден айтуға болады. Ыбырайдың есімі де, артына қалдырған мол мұрасы да өз халқымен бірге мәңгі жасамақ, мәдениет өскен сайын, уақыт ілгерілеген сайын оның қадірі де арта түспек.

«Ыбырайдың мәдениет пен әдебиет саласындағы «Қырғыз хрестоматиясы» атты тамаша еңбегі қазақ даласына теңдесі жоқ құбылыс боп келіп, шөліркеген құнарлы жерге жауып өткен жаңбырдан кейінгі көк шөптей үлкен даму жолына бет бұрды» [31,5] — деп Ыбырайдың әдеби еңбектері халықтың қолын өнер-білімге жеткізу мақсатымен байланысты туғандығын сөз етеді.

Ағартушы өсиеті, ұлағаты, шығармашылығы Егеменді еліміздің, тағдырдың талай талқысын өткізген халқымыздың бұдан былайғы өмірінде де көркейе түсетін, өркен жаятын, биіктей беретін мерейлі мұра.

Сонымен қорыта айтқанда, ол ең алдымен өз заманының алдыңғы қатарлы азаматы, озық ойлы адамы, өз халқын өнер-білімге үндеген ағартушы-демократ болды. Өзінің қоғамдық-саяси көзқарасы жөнінде Ыбырай өз тұсындағы патша өкіметінің отаршылдық саясатына наразы болған, жергілікті өкімет орындарының озбырлық істеріне қарсылық білдірген, халықты қанаушы үстем тап өкілдерімен араз болып, еңбекші бұқараны жақтаған. Қазақ халқының қамын жеп, мүддесін көздеп, оның келешектегі саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік құрылысы жөнінде көп толғанып, бұл жөнінде көптеген бағалы пікірлер айтқан.

Ыбырай, екіншіден, қазақ балаларына арнап мектеп ашқан, оларды оқытып, тәрбиелеп, көзін ашқан, көкірегін оятқан, өнер-білімге үйреткен дарынды да тамаша педагог болды. Сөйтіп қазақ даласында, қазақ балалары үшін ашылған алғашқы мектептердің бірінің негізін қалаушылардың бірі болды.

Үшіншіден, осы өзі ашқан мектептер мен онда оқитын балаларға арнап оқу құралдары мен методикалық нұсқаулар (кітаптар) жазған. Сөйтіп қазақ тарихында тұңғыш рет нағыз педагогикалық ой-пікірдің негізін салды. Оның қаламынан туған «Қазақ хрестоматиясы», «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы», «Мақтубат» атты кітаптары тұңғыш қазақ оқулығы ретінде тарихта қалды.

Төртіншіден, өзінің осы оқу кітаптарына арнап, өз жанынан ойлап, танымдық, тәрбиелік мәні зор, көркемдігі жоғары көптеген өлеңдер мен әңгімелер жазып, іргетасы жаңа ғана қаланып келе жатқан қазақтың жаңа жазба әдебиетінің алғашқы нұсқаларын жасады. Мәселен, ол қазақ әдебиетіне тұңғыш рет мысал жанрын, табиғат лирикасын енгізді. Сонымен бірге Ыбырайды қазақтың көркем қара сөзінің негізін салушы, әңгіме мен новелла жанрларын жасаушы деп еркін айтуға болады. Өйткені Ыбырайға дейін қазақтың жазба әдебиетінде проза жанры болған емес.

Бесіншіден, Ыбырай өзіне дейін аздаған элементі болса да, әлі де шын мағынасында толық қалыптаса қоймаған нағыз қазақ балалар әдебиетінің негізін қалады. Сөйтіп ол қазақ балалар әдебиетінің атасы деген құрметті атаққа ие болды.

Алтыншыдан, Ы.Алтынсарин ұлы орыс әдебиетінің озық үлгілерінен өнеге ала отырып, олардың кейбіреулерін (атап айтқанда, И.А.Крыловтың мысалдарын, Л.Н.Толстой мен К.Д.Ушинскийдің әңгімелерін) қазақ тілінде аударып, алғашқы қазақ аудармашысы ретінде тарихта қалды. [32,217]

Ы. Алтынсариннің еңбектері революциядан бұрын үш-ақ рет жеке кітап болып басылса, Совет өкіметі жылдары ондаған рет жеке кітап болып, жүздеген рет коллективтік жинақтар, әдеби антологиялар мен хрестоматияларға, оқу кітаптарына еніп, мыңдаған тираждармен жарық көрді. Сондай-ақ Ы.Алтынсариннің өмірі мен творчествосы туралы революциядан бұрын азын-аулақ мақалалар жазылған еді. Олардың ішінен Н.И.Ильминскийдің естелігін, И.Ефимов Мировицкийдің, А.Алекторовтың мақалаларын және Ыбырай қайтыс болғанда «Дала уалаятының газетінде» жарияланған некрологтарды атап кетуге болады.

Ұлы Октябрь революциясынан кейін Ы.Алтынсариннің педагогтік қызметі мен ағартушылық еңбегі өзінің тиісті бағасын алды, ол қазақ халқының аса көрнекті ағартушы-демократ ғалымы, тамаша педагог-жазушысы ретінде танылды. Осыған байланысты ол жөнінде көптеген кітаптар жазылып, мақалалар жарияланды. Бұлардың ішінен М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Т.Тәжібаев, Ә.Сыздықов, М.И.Фетисов, М.Эфиров, Ә.Дербісәлиннің еңбектерін ерекше атап кеткен жөн. Сөйтіп ұлы ағартушының еңбегі мен есімі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, өзінің туған халқымен бірге мәңгі жасап келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. «Білім және еңбек» журналы 1961ж. №3 саны

2. Әуезов М. Ыбырай Алтынсарин – қазақ мәдениетінің зор қайраткері. //Социалистік Қазақстан. 11 апрель, 1950.

3 Әуезов М. Ыбырай Алтынсарин қазақ әдебиетінің зор қайраткері. Жиырма томдық шығ. жинағы. Алматы, 1985, 242 б.

4. Дербісәлин Ә. Ыбырай Алтынсарин. Өмірі мен қызметі туралы. Алматы: «Қазақстан», 1965.

5. Ұжым.жинақ. Ыбырай Алтынсарин тағылымы: Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер. Алматы. Жазушы, 1991. – 384 бет.

6. Алтынсарин Ы. Өнер-білім бар жұрттар. Алматы, «Жалын» 1991.

7. Алтынсариннің таңдамалы педагогикалық мұралары. Алматы «Рауан» 1991.

8. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалар. Алматы, 1955, 259бет

9. Алтынсарин Ы. Собрание сочинений в трех томах, том ІІ, стр. 167.

10. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Алматы, «Санат» 1994.

11. «Дала уалаяты» газеті. Алматы, «Ғылым» 1994.

12. «Айқап» журналы 1915ж. №2 саны

13. Оренбургский листок. 1879ж. 2 декабрь №49

14.Ижанов З. Жазушы Мұхтар Әуезов ағартушы Ыбырай Алтынсаринді өсектен қалай қорғады. //Егемен Қазақстан. 28 тамыз, 2002.

15.Ламашев Ә. Ыбырай мұраларын зерттеу тарихынан. // Қазақстан мұғалімі. 30 тамыз, 1991.

16.Сыдықов Ә. С. Педагогические идеи и просветительная деятельность И. Алтынсарина. Алматы, 1949.

17. Мақпырұлы С, Сыдықов Т. Қазақ әдебиеті. І-бөлім. Астана, «Фолиант», 2007.

18. Сүйіншәлиев Х. ХІХ ғасыр қазақ әдебиеті. Алматы, «Ана тілі» 1992.

19. Қазақ хрестоматиясы {Мәтін} /Ыбырай (Ибраһим Алтынсарин — Алматы: Білім, 2003 — 112 б.

20. Кел, балалар, оқылық {Мәтін}: өлең, әңгімелер, мақал, жұмбақтар /Ыбырай Алтынсарин. Алматы: Атамұра, 2006 – 168 б.

21. Сүйіншәлиев Х. Ыбырай Алтынсарин. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Алматы, Қазақ университеті, 2001. 457 б.

22. Қоңыратбаев Әуелбек Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, «Санат», 1994.

23 Әуезов М.О. ХҮІІІ-ХІХ ғ. ақындары. /Әуезов М. Томдық шығармалар жинағы. Т 16.- Алматы, 1985. -Б.176-198

24. Дербісәлин Ә. Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен жазушылық қызметі. Алматы, 1956. -59 б.

25. Алтынсарин Ы. Әдебиеттер көрсеткіші. Алматы, 1979.

26. Жұмалиев Қ. ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті. Алматы, 1967.

27. Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. Алматы, «Жазушы» 1988.

28. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері мен Абай поэзиясының тілі. Алматы, 1960.

29. Ламашев Ә. Ыбырай Алтынсарин және оның орыс достары мен «ізбасарлары. Алматы «Қазақстан» 1988.

30. Қостанай таңы. 25 желтоқсан, 1991ж.

31. Жармұхамедов М. «Дала қоңырауы». Дала даналары. Алматы, «Білік баспа үйі», 2001. 399-418б. кіт. к. 638 б.

32. Мұқанов С. Қазақтың ХҮІІІ ХІХ ғ. әдебиетінің тарихынан очерктер. І бөлім. Алматы, ҚМББ, 1942. 24 б.

33. Ильминский Н.И. Воспоминание об Алтынсарине. Казань, 1891, стр. 1921.

34. Ілияс Б. Қазақ сахарасының қоңырауы: Ы.Алтынсариннің жылдық тойынан // Егеменді Қазақстан. -1991. 26 қазан

35. Оспанов С. Алтынсариннің айналасындағы адамдар. Қостанай, «Шапақ», 2006.

36. Досқалиев С. Қыпшақ Сейітқұл қазақтың тұңғыш кәсіпкері. Жас алаш, 22 тамыз, 1998. Б.3.

37. Дүйсенбаев Ы. Ғасырлар сыры. Алматы, «Жазушы» 1970.

38. Шотанова С. Ыбырай Алтынсариннің прозасы. Автореферат. Алматы, 1996. 25-б.

39. Ибраева Б.Б. Қолжазба мұрадағы ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасыр басындағы ақындардың шығармашылығы. Автореферат. Астана, 2008. 27-б.

40. Рысбекова Г.Е. ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстанда Ы. Алтынсариннің педагогикалық идеялары мен ағартушылық қызметінің дамуы: автореферат. Алматы, 2001.